Азат Еуропа/Азаттық радиосының бюджеті 2019 жылғы 124 миллион доллардан 2020 жылы 87 миллион долларға дейін қысқартылады.
ERNUR.KZ. АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі 2020 жылдың бюджет жоспарын дайындады. Онда халықаралық хабар тарату қаржысының 22 пайызға қысқартылатыны хабарланып, Азат Еуропа/Азаттық Радиосының үш қызметін жабу көзделгені айтылады, деп жазады Azattyq.
Бюджеттің шағын сипаттамасы 18 наурызда АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігінің (USAGM) ресми сайтында жарияланған. Агенттік Азат Еуропа/Азаттық Радиосынан өзге «Америка даусы», Radio Free Asia сынды ақпарат құралдарының жұмысын үйлестіреді.
Мәліметке қарағанда, Азат Еуропа/Азаттық радиосының бюджеті 2019 жылғы 124 миллион доллардан 2020 жылы 87 миллион долларға дейін қысқартылады. Осыған сәйкес бірқатар шығындарды да қысқару көзделген. Соның ішінде алдағы жылы Азаттықтың Грузин, Татар-Башқұрт және Солтүстік Кавказ қызметтері жабылуы тиіс.
Бұдан бөлек, Азаттықтың Балқан қызметінде де өзгеріс көзделген.
Қазір Азат Еуропа/Азаттық радиосы 22 елге 26 тілде хабар таратады. Негізгі миссиясы - тәуелсіз, бейтарап, объективті ақпарат тарату.
Жоба енді конгресстің қарауына жіберіледі.