Түркия Республикасының Кастамону қаласында "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің «Ясауи мұралары және Түркістан» көрмесі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркия Республикасының Кастамону қаласында "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің «Ясауи мұралары және Түркістан» көрмесі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мəдениқорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркі жұрты бас қосқан тарихи шараға Кастамону қаласының әкімі Тахсин Бабаш пен ТҮРКСОЙ Халықаралық Ұйымы бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ және "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы қатысып, көрменің салтанатты түрде лентасын қиды.
"Кастамону - Түркі әлемінің мәдени астанасы" жылы және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне 40 жыл толуына орай ұйымдастырылған көрмеге Қожа Ахмет Ясауидің және Құл Азимнің хикметтері, шамамен 1845 жылдары жазылған, 326 беттен тұратын Қожа Ахмет Ясауидің «Диу-ани Хикмет» кітабының түпнұсқасы, С.Бақырғанидың «Диуан» жазбасы, Ясауи хикметтеріне ұқсас парсы тілінде жазылған Әулие Биделдің «Диуани Бидел» хикметтері, шамам ен ХҮІІІ ғ. аяғында түркі тілінде жазылған «Диуани Хикметтен» кейінгі Ясауиге қатысты құнды кітап - Бустан уль-Мухиббин қолжазбасы мен көптеген құнды жәдігерлер жеткізілген. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи және Түркістан жайындағы суреттермен қатар Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи, киелі орындарын бейнелейтін 100-ден аса туындылар да түркітілдес елдер назарына ұсынылуда.
"Түркістаннан жеткен туындылар барша түркі жұрты үшін ең маңызды жағдай. Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен бірге қасиетті бабаның да рухы жеткендей ерекше әсердеміз. Барша Түркия елін, Кастамону қаласының халқы мен бүгінгі жиынға қатысушы қонақтарды тарихи көрменің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын", - деді, Кастамону қаласының әкімі Тахсин Бабаш.
"Киелі Түркістаннан жеткен тарихи жәдігерлерді құрмет тұтып, бас ие келген халықтың да қарасы өте мол. Айтулы жылдарға орай ұйымдастырылған көрме аясында "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейі ғана емес, Оңтүстіктің тарихи орындары да кеңінен насихатталуда", - деді, қорық-музейдің басшысы Н.Ахметжанов.
«Ясауи мұралары және Түркістан» көрмесі ТҮРКСОЙ Халықаралық Ұйымының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 15 мамырына дейін Түркия Республикасының Кастамону, Анкара, Стамбул қалаларында өтетін болады.