Өрт төменгі қабаттардан шыққан кезде, жоғарғы қабаттарда құрылысшылар болған.
Фото: x.com/anadoluajansi
ERNUR.KZ. Түркияның Анталья қаласындағы Алания ауданында салынып жатқан тоғыз қабатты қонақүйде өрт шықты. Оқиға 27 қаңтар күні сағат 16:30 шамасында болған, деп жазады stan.kz.
Өрт төменгі қабаттардан шыққан кезде, жоғарғы қабаттарда құрылысшылар болған. Төрт жұмысшы құрсауда қалып, балконға шығып үлгерген. Кейін оларды құтқарушылар кранның көмегімен түсірген. Үш зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілді.
Алания ауданының губернаторы Фатих Юркмезер қазір барлық жұмысшылардың эвакуацияланғанын және ғимаратта ешкім қалмағанын айтты. Ол өртті сөндіру жұмыстарының құрылыс кезінде қолданылған жанғыш материалдардың кесірінен қиындағанын атап өтті.
Қонақүй екі блоктан тұрады, өрт екі блокқа да таралған. Өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтау жұмыстарын жалғастыруда, ал билік өрттің нақты себептерін анықтап, болашақта осындай жағдайлардың алдын алу үшін тергеу жүргізіп жатыр.
Бұл – Түркиядағы биылғы екінші ірі өрт оқиғасы. Еске салайық, бұған дейін 21 қаңтарға қараған түні Карталкая тау шаңғысы курортында теңіз деңгейінен 2200 метр биікте орналасқан Grand Kartal қонақүйінде де өрт шыққан еді. Сол оқиғада 78 адам қаза тауып, 50-ден астам адам жарақат алды. Кейін полиция Карталкая курортындағы қонақүйдегі өртке қатысты 15 адамды күдікті ретінде қамауға алғанын хабарлады.