Украина "Норманд төрттігі" форматындағы кездесуге мүдделі, деп мәлімдеді сыртқы істер министрі Вадим Пристайко.
ERNUR.KZ. Киев Украина мен Ресей президенттері Владимир Зеленский мен Владимир Путиннің жеке кездесуін ұйымдастыру бойынша Қазақстаннан әлі ресми бастама алмаған, деп хабарлады РИА Новости Украинаның сыртқы істер министрі Вадим Пристайкоға сілтеме жасап, деп жазады sputniknews.kz.
"Біз Қазақстанның бұл бастамасын әлі ресми түрде алған жоқпыз. Менің ойымша, Украинаның осы кезеңде "Норманд төрттігінде" кездесуге зор мүмкіндігі бар. Осы кездесу үшін белгілі бір қадамдар жасалды. Алдымен "Норманд төрттігі" аясында кездесіп көрейік", - деді Пристайко.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Путин мен Зеленскийдің келіссөздерін Қазақстанда өткізуді ұсынған болатын, ол бұл бастаманы Astana Club отырысында көтерді.
"Бүгінде екі елдің арасы ашылып кетті. Меніңше, Ресей мен Украина президенттерінің жеке кездесуін ұйымдастыру қажет. Мен сондай "тет-а-тет" кездесуін өткізуді талқыладым. Зеленский өз келісімін берді. Оны Путинге айттым. Енді, көреміз, бейтарап аймақ керек болса, ол кездесуді Қазақстанда өткізуге болады", - деді Назарбаев.
Елбасы Ресей мен Украинаның қазіргі жағдайға тап болғанына өкініш білдірді.
"Негізі, бұл жақын елдер ғой. Бірақ "болар іс болды, бояуы сіңді" дейді. Осы мәселеге сыртқы күштер де, ішкі күштер де араласты. Бүгінде Ресей мен Украинаның арасы қатты ашылып кетті. Мен өзім Украинаны жақсы білемін, Ресейді одан да жақсы білемін", - деп толықтырды ол "Astana club-тың" пленарлық мәжілісінде.