Үндістанда "миды жейтін" амебадан көз жұмғандар саны артып келеді

0
82

Дәрігерлер тұрғындардан тек қайнатылған немесе сүзгіден өткен суды пайдалануды сұрады.


Үндістанда
Фото: Shutterstock

ERNUR.KZ. Үндістанның Керала штатында "Naegleria fowleri" амебасын жұқтырғандар саны артқан. Аталған амеба өте сирек кездесетін, көбіне өлімге әкелетін ауру амебалық менингоэнцефалитті тудырады, деп жазады stan.kz.

2025 жылы мұнда 69 жағдай расталып, олардың 19-ы қайғылы аяқталған. Тек тамыз айында үш адам көз жұмып, олардың ішінде үш айлық сәби мен 52 жастағы әйел болған. Тағы бірнеше науқас, соның ішінде балалар ауруханада ем қабылдап жатыр.

Жергілікті билік "Су – өмір" атты кампанияны іске қосты. Оның аясында құдықтар, су қоймалары және қоғамдық шомылатын орындар хлорланып жатыр. Дәрігерлер тұрғындардан тек қайнатылған немесе сүзгіден өткен суды пайдалануды сұрады. Сондай-ақ лас немесе тазаланбаған су айдындарында шомылудан бас тартуға кеңес берді.

"Өткен жылдан айырмашылығы биыл бір ошақтан таралған індетті емес, әртүрлі, жеке-жеке жағдайларды бақылап отырмыз. Бұл эпидемиологиялық зерттеуді қиындатады", – деді Штаттың денсаулық сақтау министрі Вина Джордж.

Оның айтуынша, адамдардың өмірін құтқарудың басты жолы ерте диагностика.

"Ауру өте жылдам өршиді. Алғашқы белгілерден бастап ауыр жағдайға дейін бірнеше күн ғана кетуі мүмкін. Негізгі белгілер: дене қызуы көтеріледі, бас ауруы, жүрек айну, құсу, жарыққа сезімталдық және тырысулар. Кейінгі кезеңде елестер көру және есін жоғалту байқалады.

Әлем бойынша өлім-жітім деңгейі 95–98% болса, Кералада заманауи милтефозин препараты мен кешенді емнің арқасында науқастардың шамамен 24%-ын аман алып қалу мүмкін болып отыр.