«Ясауи мұралары және Түркістан» көрмесі Түркияның Бурса қаласына жетті

0
1 903

Көрменің лентасын Бурса қаласының губернаторы Мұстафа Дүндар мен "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы салтанатты түрде қиып, жиынға қатысушыларды тарихи күнмен құттықтады.


«Ясауи мұралары және Түркістан» көрмесі Түркияның Бурса қаласына жетті
ERNUR.KZ. Түркия Республикасының Бурса қаласында "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің «Ясауи мұралары және Түркістан» көрмесі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрменің лентасын Бурса қаласының губернаторы Мұстафа Дүндар мен "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы салтанатты түрде қиып, жиынға қатысушыларды тарихи күнмен құттықтады.

Алыста жүрсе де рухына тағзым етіп, қасиетіне бас иген түркиялық бауырлар Түркістанның киелі топырағынан келген әрбір құнды дүниеге зор ықылас, ерекше ілтипатпен назар салып, қуаныштарын да жеткізді.
Көрмеге Қожа Ахмет Ясауидің және Құл Азимнің хикметтері, шамамен 1845 жылдары жазылған, 326 беттен тұратын Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» кітабының түпнұсқасы, С.Бақырғанидың «Диуан» жазбасы, Ясауи хикметтеріне ұқсас парсы тілінде жазылған Әулие Биделдің «Диуани Бидел» хикметтері, шамамен ХҮІІІ ғ. аяғында түркі тілінде жазылған «Диуани Хикметтен» кейінгі Ясауиге қатысты құнды кітап -Бустан уль-Мухиббин қолжазбасы мен көптеген құнды жәдігерлер жеткізілген.








Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи және Түркістан жайындағы суреттермен қатар Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи, киелі орындарын бейнелейтін 100-ден аса туындылар қойылған.

ТҮРКСОЙ Халықаралық Ұйымының ұйымдастыруымен "Кастамону-Түркі әлемінің мәдени астанасы" жылы және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне 40 жыл толуына орай ұйымдастырылған көрменің мақсаты- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы: «Жа­һан­дағы заманауи қазақстандық мәде­ниет» жобасын іске асыру, түркітілдес елдердің бас иген Қожа Ахмет Ясауи мұралары мен тарихын танытатын құнды жәдігерлерін айшылық алыс жерлердегі жұртқа насихаттау, киелі, рухани жерлерді дәріптеу, шетел халқына елімізді, мәдениетімізді таныту болып табылады.
Бұған дейін Түркия Республикасының Кастамону, Анкара қалаларында ашылған көрмені мыңдаған халық тамашалап, киелі өңір келбеті мен жәдігерлеріне қызығушылық танытса, Бурса қаласындағы жәдігерлер де 15 мамырға дейін тұлғалар тарихынан сыр шертпек.