Зеленский Трамппен сөйлесу үшін Вашингтонға барды

0
133

Кездесуде Tomahawk зымырандарына қатысты мәселе талқылануы мүмкін.


Зеленский Трамппен сөйлесу үшін Вашингтонға барды

Фото: Emilija Jefremova/Reuters

ERNUR.KZ. 16 қазан күні кешке Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа барды. Оның ұшағы Вашингтон маңындағы Эндрюс әскери-әуе базасына келіп қонды, деп жазады inbusiness.kz.

Зеленский өзінің Telegram парақшасында алдағы бірнеше сағат ішінде АҚШ-тың қорғаныс саласындағы компаниялардың өкілдерімен кездесетінін жазды. Оның сөзінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін қосымша жеткізу мәселесін талқылау жоспарланып отыр. Бұдан кейін ол энергетикалық компаниялармен де жүздеседі.

"Қазір Ресей біздің энергетикамызға қарсы террорға басымдық беріп, күн сайын соққы жасап жатыр. Біз Украина тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейміз", – деді Зеленский.

17 қазанда Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен кездеседі.

"Біз Таяу Шығыста қақтығысты реттеуге бағытталған әрекеттің сәтті жүзеге асуы Ресейдің Украинаға қарсы соғысын да тоқтатуға ықпал етеді деп үміттенеміз", – деді Украина басшысы.

Бұған дейін Дональд Трамп Украинаға 2500 шақырымға дейін ұша алатын америкалық Tomahawk зымырандарын беру мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Ақ үй басшысы бұл мәселені Зеленскиймен талқылауға ниетті. Киев бұл зымырандарды әскери мақсаттарға ғана қолдануға уәде беріп отыр.