Түркияның Анадолы таулы үстіртіндегі көлемі жағынан екінші орында тұрған Тұз көлі тартылып жатыр.
ERNUR.KZ. Мамандардың айтуынша биыл су қоймасы 1665 шаршы шақырымға азайған. Бұған жаһандық климаттың өзгеруі себеп, деп жазады 24.kz.
Аймақта ауа температурасының жоғарылауы мен қуаңшылықтан су айдыны тез буланып барады. Эгей университетінің ғалымдары Тұз көлінің деңгейі 2000 жылдан бастап төмендей бастағанын байқаған. Ал биыл бұл процестің жылдамдығы бірнеше есеге үдей түсті. Оның үстіне ағымдағы жылы жауын-шашынның болмауы жағдайды одан бетер ушықтырды. Сарапшылар болса, орын алған жағдайға ауылшаруашылықта қолданылатын жерасты суының дұрыс пайдаланылмауы да кері әсерін тигізгенін айтады. Соның салдарынан аймақта үлкен ойықтар пайда бола бастады. Мәселен, Тұз көліне жақын маңда 120 мың заңсыз құдықтар орналасқан.
"Температура жоғары, оның үстіне жауын жоқ. Егістік ақпақтар да осы сумен суарылып жатыр. Бұл да су деңгейінің төмендейіне әкеп соғады. Тиісті шара қолданылмаса ахуал оңалмайтын көрінеді. Тұз көліне жақын маңда 120 мың заңсыз құдық орналасқан. Жерасты суды қолдануды доғару керек", - дейді климатолог, Левент Курназ.
"Қазір суды өте аз қолданатын болдық. Мәселен, тіршілік нәрі жерпей жатыр. Жаңа құдықтарды қазуға тура келеді", - дейді фермер, Дженгиз Эркол.
ӨЛІ ТЕҢІЗДІҢ СУЫ САРҚЫЛДЫ
Жаһандық жылынудың зардабын Өлі теңізге қарап та байқауға болады. Статистика бойынша Өлі теңіз 1960 жылдан бастап 3 есеге тартылған. Мамандар жыл сайын су шамамен 1 метрге азайып бара жатқанын айтады. Қазір құрғап қалған жерлерде тереңдігі 10 метр ойық шұңқырлар пайда болды.