Бөтен біреулердің телефонға қосылғанын қалай анықтауға болады?

0
4 189

Пайдаланушылар қауіпті мобильді қосымшаларды байқаусызда, немесе біреудің нұсқауы бойынша білместіктен жүктеп алулары мүмкін.


Бөтен біреулердің телефонға қосылғанын қалай анықтауға болады?

Кейбір мобильді қосымшаларды гаджеттерде сақтау неліктен қауіпті? Көптеген мобильді қосымшалар өмірімізге айтарлықтай жеңілдік әкелді. Олардың көмегімен, мәселен, таксиге тапсырыс беруге, үйге тамақ, дәрі-дәрмек және басқа да тауарларды тапсырыспен алдыртуға, кино мен театрларға билеттер броньдауға, сурет салып үйренуге, мәтіндер аударуға немесе қаржылық операциялар жүргізуге болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Алайда, пайдаланушылардың конфиденциалды деректерін оқитын мүмкіндігі бар, олардың банктік шоттарына көз салған алаяқтық қосымшалар болады.
Шпиондық және вирустық софтты кімдер жүктеп алулары мүмкін?
Пайдаланушылар қауіпті мобильді қосымшаларды байқаусызда, немесе біреудің нұсқауы бойынша білместіктен жүктеп алулары мүмкін. Мәселен, банктің қауіпсіздік қызметінің өкілі қоңырау шалып, хакерлік шабуыл туралы хабарлап, оны тек деректерді қорғауға арналған белгілі бір қосымша қорғай алады деп айтуы мүмкін. Немесе пайдаланушы электрондық пошта немесе SMS арқылы келген сілтеме бойынша өтіп, телефонға күмәнді бағдарламаны автоматты түрде жүктеп алуы ықтимал.
Көп жағдайда балалар девайстарға тексерілмеген көздерден ойындар, түрлі модтар, яғни түрлі жаңартылған ойындар жүктеп алып жатады, ал олар шпиондық болулары мүмкін. Ұтыс ойындарының әуесқойлары сүйікті блогерлерінің гивтеріне қатысу үшін қосымшалар орнатады, ал сенгіш жасөспірімдер шығу көзі беймәлім сәнді виджеттер мен фоторедакторларды жүктеп алады.
Күдікті софттарды кез келген адам, тіпті ресми дүкендерден жүктеп алулары мүмкін. Иә, тіптен осындай тексерілген алаңдардың өзінде кей жағдайларда танымал бағдарламалардың астыртын вирус кіргізілген жаңартылған «нұсқалары» кездеседі – бұл жерде хакерлердің кейбір жалған қосымшаларды қаншалықты сапалы жасайтынына таң қалу ғана қалады.
Бағдарламаларды әр жаңартқан сайын оның осал тұстары да арта түседі.
Кеңес: Өз смартфоныңызға қосымша жүктегіңіз келсе, онда Play Market және App Store-ға басымдық беріңіз, ол белгісіз ресурстарға қарағанда қауіпсіз. Мобильді қосымшаны жүктер алдында оның рейтінгін зерттеп, сондай-ақ пайдаланушылардың пікірлерімен танысыңыз. Сондай-ақ, басқа пайдаланушылардың оның қанша рет жүктегеніне көңіл аударыңыз: неғұрлым көп болса, соғұрлым сенімді.
Бөтен біреулердің телефонға қосылғанын қалай анықтауға болады?
Деректерге толық қол жеткізу үшін біреудің телефонын бұзу қажет пе? Хакерлер мұны пайдаланушының өзінің көмегін пайдаланып жасауы мүмкін. Әдетте, телефонға бұзып кіру белгілерінің өзіндік ерекшеліктері болады.
Бірінші белгі. Сіздің ұялы телефоныңыз өздігінен жұмыс істей бастайды: өз бетімен сөнеді және қайта қосылады. Егер біреу сіздің гаджетіңізге қашықтан қосылған болса, құрылғыңыздың белсенділік танытуына таңырқаудың қажеті жоқ.
Екінші белгі. Телефон арқылы сөйлескен кезде сіз бөтен дауыстарды немесе өзге түсініксіз дыбыстарды естисіз. Телефоныңыз жасырын түрде тыңдалған жағдайда бөгде сытырлаған дыбыстардың естілуі әбден мүмкін.
Үшінші белгі. Сізге қызықты символдар мен сандары бар SMS жиі келеді. Сіз үшін бұл жұмбақ, ал хакер бұл кодты шпиондық бағдарламасының функционалымен байланыс орнату үшін пайдаланады.
Төртінші белгі. Гаджетті үздіксіз қуаттауға тура келеді, өйткені оның аккумуляторының өнімділігі айтарлықтай төмендеп кетті. Сіз батареяны ауыстырсаңыз да жағдай өзгерген жоқ па? Оның себебі, шпиондық қосымшалар тынбай жұмыс істеп, сіздің іс-қимылдарыңызды аңдып, камера мен диктофон арқылы жазба жасайды. Тиісінше, бұған батареяның біршама қуаты жұмсалады.
Бесінші белгі. Сіз телефонды өшіре алмайсыз және ол жиі артта қалады. Бұл, біреу сіздің құрылғыңызды қашықтан басқарып отырғанын білдіруі мүмкін. Егер солай болса, сіздің смартфоныңыздың экраны күту режимінде жанып тұруы мүмкін.
Кеңес: Google және iCloud-ғы өзіңіздің есептік жазбаларыңызға кірулерді қадағалаңыз, өз парольдеріңізді ешкімге айтпаңыз, олар өте сенімді болуы керек. Екі факторлы аутентификация туралы ұмытпаңыз - бұл сіздің аккаунтыңызға кіру үшін телефонға келген кіру коды. Кім және қашан, қандай гаджеттен кіргенін білу үшін хабарландыруларды қосыңыз.
Зиянды бағдарламаларды қалай тануға болады?
Зиян келтіргіштер - бұл ең кең таралған мобильді қосымшалар түрінде жасырылуы мүмкін зиянды бағдарламалар. Көп жағдайда, мұндай қосымшалар орнату кезінде тым көп рұқсаттар сұрайды: камераға, галереяға, микрофонға, байланыс нөмірлеріне, орналасқан жеріңізге және т.б.
Смартфоннан белгілі бір функциялар мен ақпаратқа рұқсат беруді қажет етпейтін бірде-бір бағдарлама жоқ шығар. Мысалы, мессенджерлер байланыс телефондарына рұқсат сұрайды, такси қызметі сіздің орналасқан жеріңізді білуі керек. Ал әлдебір софтқа өзіңіздің жеке деректеріңізге тым көп рұқсат берудің қажеті бар ма? Сақ болыңыз!
Кеңес: Гаджетіңізге антивирус орнатып, оны үнемі жаңартып отырыңыз. Гаджетіңізге алаяқтық шабуылдар жасалған жағдайда, антивирус оларды бұғаттайтын болады. Өз гаджеттеріңізге қосымшаларды тек ресми дүкендерден ғана жүктеңіз. Қосымшаларды жүктемес бұрын пайдаланушылардың пікірлерімен мұқият танысып шығыңыз және қосымшаны әзірлеушілердің оны жүйелі түрде жаңартып отыратындығына көз жеткізіңіз (ресми дүкендерде міндетті түрде соңғы жаңартулардың күні көрсетілген).
Егер сіз шпиондық және зиянкес қосымшаны жүктеп, іске қосып үлгерсеңіз, онда оны дереу жойыңыз және өзіңіздің барлық есептік жазбаларыңыздағы, аккаунттарыңыз бен пошталық серверлеріңіздегі парольдерді ауыстырыңыз.
Айтпақшы, белгісіз сайттардан жүктеп алынған зиянкестер ақылы жазылымдарға да кіру деректерін сұратулары мүмкін. Мобильді қосымша сондай-ақ, төлем жасауды талап етуі мүмкін, егер де сіз сілтеме арқылы өтетін болсаңыз, фишингке тап болуыңыз ықтимал. Төлем деректерін зиянкестерге бере отырып, сіз банктік шотыңыздағы қаражатыңыздан айрылып қалу қаупіне тап боласыз. Сондықтан клон-сайттарды ажырата біліңіз. Ал интернетте төлем жасау үшін цифрлық немесе виртуалды жеке карточка ашыңыз. Оған қажетті соманы ғана салып отыру керек. Сондай-ақ, банктен хабарламалар алу үшін басқа телефон ұстап, оған өзіңізден басқа ешкім білмейтін нөмір қойған жөн. Осылайша, сіз өз ақшаңызды сізге жақындаудың түрлі жолдарын іздеп, қарманып жатқан қаржы алаяқтарынан қорғай аласыз.