Кез келген адам сауда жасағаннан кейін түбіртекті түкке жарамсыз деп ойлауы мүмкін.
ERNUR.KZ. Салық органдары дүкенде сатып алынған тауар чегін лақтырып жіберудің немесе белгісіз адамдарға берудің қатерін ескертеді, деп жазады ҚазАқпарат.
Кез келген адам сауда жасағаннан кейін түбіртекті түкке жарамсыз деп ойлауы мүмкін. Мәселен, сіз дүкеннен келе жатқанда алдыңыздан шыққан белгісіз біреу «бонус жинау үшін түбіртегіңізді бере аласыз ба?» деп сұрауы ықтимал. Әлбетте, ойыңызға ештеңе келмей чекті ұстата саласыз. Алайда, дәл осы жағдайдан алаяқ немесе толыққанды алаяқтар жоспарының қатысушысы болып кетуіңіз әбден ықтимал.
«Мәселен, алаяқтар сіздің түбіртегіңізді алып дүкенге қайта барады. Белгілі бір заттың биркасын жұлып тастап, оны қолды қылуы мүмкін. Ал есік алдындағы күзетке сіз берген түбіртекті көрсете салады. Алаяқтықтың екінші түрі: еш затты ұрламай-ақ әлгі адам сіздің чегіңізді дүкен иесіне қайтарып, ақшаны талап ете алады. Себебі клиент заң бойынша алған тауарын қайтара отырып, ақшасын белгілі бір уақыттың ішінде талап етуге құқылы. Алаяқтардың түбіртекке қатысты әрекетінен зардап шегетін дүкендер ғана емес. Саудадан кейін карта арқылы төлем жүргізетін сатып алушы да мәселемен бетпе-бет келеді. Пластик картаны пайдалану арқылы банк операциясын орындасаңыз, сізге қатысты мәліметтерді пайдаланып та заңға қайшы әрекет жасалуы мүмкін. Чектегі транзакция мәліметтерінің көмегімен әккі алаяқтар белгілі бір ақпаратты біліп алып, артынша хаккерлер сіздің банктік шотыңызға да жетіп алады», - деп ескертеді Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті.
Осы себепті департамент тауарлық чек – бөтен қолға түспеуі тиіс төлем құжаты екенін ескертеді. Оны дүкенге жақын қоқыс жәшігіне тастауға болмайды.
Департаменттің мәліметінше, сіз чегіңізді өз пайдаңызға жарата аласыз. Ол үшін «Түбіртекті талап ет те, сыйлық ұтып ал!» атты кең ауқымды республикалық акцияға атсалысу керек. Биыл 13 мамырда басталған дәстүрлі акция жыл соңына дейін жалғасады.
«Түбіртекті талап ет те, сыйлық ұтып ал!» акциясына қатысу үшін қазақстандықтар «Wipon» мобильдік қосымшасын жүктеп алуы тиіс. Ізінше онлайн-ККМ арқылы фискалды түбіртек туралы мәліметті жолдап, қызмет немесе тауарды алғаныңызды растау керек. Егер онлайн-ККМ фискалды түбіртекті бермесе, видеоматериал арқылы нысанның қайда орналасқанын көрсетіп, заңсыздықтың жолын кесуге болады.
Түбіртекті тапсырғаннан кейін оны жіберуші жыл соңына дейінгі басты сыйлыққа таласа алады. Бір адамға қанша түбіртек бере берсе де рұқсат. Фискалды түбіртекті бермегенін растай алған жағдайда азаматтар мобильдік телефонына 1000 теңге көлемінде сыйақы ала алады. Бұл акция халықтың азаматтық белсенділігін арттырып, құқықтық мәдениетке баулу, көлеңкедегі экономиканың үлесін азайтып, ашық бәсекені дамыту үшін қолға алынған.