Мүлдем басқаша болады: Психолог карантиннен кейін қазақтың тойы қалай өзгеретінін айтты

0
1 707

​Мамандардың айтуынша, бұрын қазақ той жасағанда басқадан асып түсуге тырысса, карантиннен кейін тойдың мазмұнына көбірек басымдық береді.


Мүлдем басқаша болады: Психолог карантиннен кейін қазақтың тойы қалай өзгеретінін айтты

ERNUR.KZ. Қазақстан билігі карантин шараларын жеңілдете бастады. Халық далаға шықты, шектеулер азайды. Жазға қарай мейрамханалар да ашылуы мүмкін. Бірақ халық бұрынғыдай ұлан-асыр той жасай ма? Ондай жиындарға барудан қорықпай ма? Жалпы, карантиннен кейін қазақтың тойы қалай өзгереді? Психолог және этнограф мамандар осы сұрақтардың төңірегінде ой өрбітіп көрді, деп жазады Sputnik Қазақстан.


Тойдың мағынасы өзгереді
Психолог Серікгүл Сәлі карантиннен кейін вирустан қатты қорқатын адамдардың болатынын айтады. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, вирустың қаупі сейілген жоқ. Күзде екінші толқыны болуы мүмкін. Екіншіден, вакцина әлі дайын емес. Сондықтан сақтық шараларын қатты сақтайтын адамдар болады. Олар үлкен жиын-тойларға да баруға қорқады.

"Негізі "маған вирус жұғып кетеді-ау" деген қорқыныш барлық адамға тән емес. Ондай үрей халықтың тек 24 пайызында ғана болады. Басқалары қорықпайды, вирусқа мүлдем сенбейді, оған өтірік деп қарайды. Сондықтан халықтың барлығы бірдей вирустан қорқады деп айта алмаймыз. Белгілі бір бөлігі үрейленеді. Солардың ішінде 5 проценті стрестік жағдайда вирустан ұзақ уақыт қорқып жүреді", - дейді Сәлі.
Маманның ойынша, уақыт өте келе, қорқыныш та бірте-бірте сейіледі. Халық тойға барады. Дегенмен той-домалақтың мағынасы өзгереді. Бұрын қазақ той жасағанда басқадан асып түсуге тырысса, карантиннен кейін тойдың мазмұнына көбірек басымдық беретін болады.
"Бұрын той жасағанда бір-бірімізден асып түсуге тырыстық. Дүниеге, жеке атақ-даңққа деген тәуелділік басым болды. Ал осыдан кейін жиын-тойлардың моральдық мағынасы кеңейеді. Шынайы қуанышпен бөлісу, ниет білдіру, бата алу, пікір алысу сияқты тойдың негізгі құндылықтары жанданады деп ойлаймын. Тойдың негізгі мақсаты да, мағынасы да сол ғой. Қазақтың менталитетінде тойдың психологиялық мәні зор", - дейді Сәлі.

Өмірдің жаңа формасы қалыптасады
Серікгүл Сәлі карантинге дейін "мына кісі менің тойыма не әкелді?" деген психологияның басым болғанын да атап өтті. Енді, біз оған мән бермейміз, шын көңілмен бөлісу арқылы тойдың материалдық жағын емес, моральдық мазмұнын көтереміз.

"Жалпы, карантинге дейін адамдар қарбаластан шыға алмай, жанталасып жүретін. Ал қазіргі кезде сәл жерге түсіп, көп нәрсені ой елегінен өткізіп, талдау жасайтын болған. Мен оны хабарласып жатқан адамдардан байқап отырмын", - деп атап өтті Сәлі.
Оның ойынша, карантиннен кейінгі өмір оған дейінге өмірден мүлдем басқаша болады. Өмірдің жаңа формасы қалыптасады.

"Осы уақытқа дейін адамдар ұжымдық және отбасылық құндылықтарға мән бермеген. Соның салдарынан ерлі-зайыптылардың ажырасуы, сенімнің болмауы, адамның қоғамда өз орнын таба алмауы сияқты проблемалар ушығып кетті. Адамзатқа өмірдің жаңа формасы керек болды. Ал жаңа форма келуі үшін бұрынғы даму формасы толығымен жойылуы қажет. Содан барып жаңа форма қалыптасады. Біз осы жаңа мен ескінің ортасындағы құрдым кезеңін басымыздан өткердік", - деп толықтырды Сәлі.

Бәрі жайына қалуы мүмкін
Этнограф Досымбек Қатран да карантиннен кейін тойды өткізу психологиясының өзгеретінін айтып отыр. Дегенмен уақыт өте келе, бәрін тез ұмытуымыз да әбден мүмкін.

"Қазіргі жағдай даңғазалық, мақтаншақтық деген дүниелерге әсер етті деп ойлаймын. Енді, біз бір нәрсені тез қабылдап аламыз, тез ұмытып кетеміз. Сондай халықпыз ғой. Алғашқыда тартыншақтанып жүруіміз мүмкін. Артынан ұмытып кетіп, жайына қалуы да мүмкін. Ондайымыз бар енді", - дейді Қатран.
Оның айтуынша, карантиннен кейін қол беріп амандасу азаяды. Топпен жүру де сирей бастайды. Адамдар тазалық пен жеке гигиенаға мән береді.

"Иә, қол беруге тартыншақтайтын әдеттер пайда бола бастайды. Адамдардың мінез-құлқында және қарым-қатынасында сондай бір өзгерістер болады. Бұл пандемия бүкіл дүниеге сабақ болды ғой", - дейді Қатран.