Өз КӨЛІГІҢІЗДЕ сізге қандай ҚАУІП төнуі мүмкін?

0
1 507

Автокөліктердің кей функциясы денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін.


Өз КӨЛІГІҢІЗДЕ сізге қандай ҚАУІП төнуі мүмкін?

Уақыт өткен сайын автокөліктердің қосымша функциялары да жетілдірілу үстінде. Желдеткіш, жылытқыш, автобасқару, дыбыстық басқару, тағысын тағылар – тізе берсең көп. Бәрі де жүргізуші мен жолаушының жолсапардағы жайлылығы үшін ойластырылған. Алайда, кейбір функцияларды орнымен не мөлшерімен қолданбаса, денсаулыққа айтарлықтай зияны да болады екен.


Желдеткіш жүйесі

Мұнда бәрі түсінікті. Көлікте болсын, үйде болсын, желдеткішпен салқын ауаны үрлеудің нәтижесінде жаздың өзінде суықтап ауырып жүреміз. Егер көлікке орнатылған желдеткіштің күші мен уақытын өзіңіз қолдан баптайтын болсаңыз, мәселе оңайырақ шешіледі. Ал, климат-бақылау жүйесі автоматты түрде жүзеге асырылатын болса, жаздың күнінде көлік ішінде жаурап қалуыңыз әбден мүмкін.


Орындық жылытқышы

Жүргізушілерді қызықтыратын тағы бір функция осы орындықты жылыту жүйесі. Бұл қызметтің, әсіресе, суық мезгілдерде бәсі жоғары. Иә, көлікте отырғанда астыңдағы орындықтың жып-жылы болып тұрғаны жақсы-ақ. Алайда, оны дұрыс қолдана білу керек.

Орындықты жылытқышын алдын-ала қосып, қызған соң өшіріп, содан соң барып отырған жөн. Ал, салқын орындыққа отырған соң барып қосып, ол қызып жатқан кезде үстінде отырсаңыз, денсаулығыңызға зияны тиюі мүмкін. Мәселен, неміс урологы Херберт Шперлинг ер адамдардың ұрпақ өрбітуіне кері әсер етіп, белсіздікке шалдықтыруы ықтимал екенін айтқан. Бұл пікірді сала мамандарының көпшілігі қолдайды. Сондай-ақ, ыстық орындықтан тұрып, бірден көліктен түскенде, сырттағы қатты аязға ұрынуы да мүмкін жағдай. Мұндай температура ауысуынан ерлерде простатит, әйелдерде цистит аурулары ушығады екен. Сондықтан, орындық температурасы қалыпты 34-350С-дан аспағаны дұрыс.

Автоматты әйнек көтергіш

Бүгінде мұндай функцияны көптеген көліктерден көріп те, қолданып та жүрміз. Өкінішке орай, әлемде осы тетіктің салдарынан орын алып жатқан оқыс та қайғылы оқиғалар қатары да біршама екен. Балалардың ашық терезеден басын шығарып отырып, қолымен байқамай тетікті басып қалудың нәтижесінде қылқынған жағдайлары тіркелген. Сондай-ақ, жүргізуші бір орталықтан басқарылатын әйнек көтергішті іске қосқанда жолаушылардың қолын, басқа да дене мүшелерін қысып қалған жайттар да бірқатар.

Сондықтан, көлігіңізде автоматты әйнек көтергіш жүйе орнатылған болса, қолдану барысында аса сақ болғаныңыз абзал.


Қашықтан басқару

Автокөлікті кілтпен немесе кілтсіз, басқалай құрылғылардың көмегімен қашықтан басқару да жиі қолданылады. Бұл алдын ала оталдырып, қыздырып, қыста салонды жылытып, жазда салқындатып қою үшін аса қолайлы. Алайда, басқару құрылғысы балалардың қолына түспейтініне, тетігі байқамай басылып кетпейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Сондай-ақ, көлікті оталдырып, кейін ол жайлы ұмытып кету жағдайлары жиі кездеседі.

Заманға сай қолжетімді болып тұрған мүмкіндіктерді пайдаланып, өмір сүруді барынша жайлы қылу – өз құқығыңыз. Алайда, әр нәрсені дұрыс шарты мен шамасынан тыс қолданса, зияны болуы мүмкін екенін де ұмытпаған жөн.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Қандай автокөліктерді КУӘЛІКСІЗ айдауға болады


Автокөліктің ОСЫ БІЛТЕСІН жиі тексеріп тұрсаңыз, БҰЗЫЛҒАН жерін тез табасыз