Құрметті аналар, қыз-келіншектер 8-наурызда осындай әдемі торт пісіргілеріңіз келсе, мархабат!
Мерекелік дастарханның сәнін келтіретін тәтті торттарды кез келген қыз-келіншек пісіре алады. Қолыңызда тортқа қажетті қоспалар болса тортты 1 сағатта жасап қоясыз.
Қажетті заттар:
- Қамырға: 200 гр. ұн
- 50 гр. сары май
- 1 дана жұмыртқа
- 40 гр. бал
- 80 гр. қант
- 0,5 шай қасық ас содасы
- Шым-шым тұз
- Креміне:
- 500 мл сүт
- 250 мл 35 пайыздық кілегей
- 120 гр. қант
- 1 ас қасық ванильді қант
- 2 дана жұмыртқа
- 50 гр. ұн
- 50 гр. сары май
- 10 гр. желатин
- 70 мл сүт
- 20 гр. қант ұнтағы
Дайындалу тәсілі:
- Отқа төзімді ыдысқа қант, бал, жұмыртқа мен майды саламыз. Сосын отқа қойып, үнемі қозғай отырып, ысытамыз. Қайнауға дейін жеткізбеу керек. Содан соң ас содасын себелеп, барлығын жақсылап араластырамыз да, отты өшіріп, бір шетке қоя тұрамыз. Сонда қоймалжың көтеріле бастайды.
- Біраз суығаннан кейін ұнды салып, қамыр илейміз. Қамыр өте жұмсақ болуы тиіс. Қолға сәл ғана жабысса да ештеңе етпейді. Осылайша иленген қамырды пакетке салып, 2 сағат тоңазытқышта ұстаймыз. Түнгі уақытта иленген болса, таңға дейін тұруына болады.
- Қамырды үш бөлікке бөліп, жаямыз да, арнайы трафаретті пайдаланып (қағаздан сегіз санын жасап алуға да болады), сегіз санын кесіп шығамыз. Қамырдың қалыңдығы 2-3 мм болуы керек.
- Қамырды шанышқыментесіп, пешке салып пісіріп аламыз. 7-10 минутта қамыр дайын болады. Осылайша қалған қамырларды да дәл осылай кесіп, пісіріп аламыз.
- 70 мл сүтке желатинді салып қоямыз.
- Кастрөлге қант, ванильді қант, ұнды салып, араластырамыз. Ұнның орнына крахмал салғыңыз келсе, жүгері крахмалын таңдаңыз. Осы араласпаға жұмыртқа мен 50 мл сүт құямыз. Барлығын жақсылап араластыру керек. Қалған сүтті қайнатып, бірден жұмыртқа араласпасына құямыз.
- Осы араласпаны отқа қойып, түбі қоюлана бастағанда оттан аламыз. Ыстық кремге енді сары майды салып, ерітеміз де, әбден араластырып, бетін асханалық пленкамен жауып қоямыз. Толықтай суығанша осылай тұруы керек.
- Сүтпен араласқан желатинді микротолқынды пешке салып, ысытамыз. Бірақ тым қатты ысытуға болмайды. 20 секунд тұрған соң, желатинді алып, бір қозғап, тағы бір ысытып аласыз. Содан соң жақсылап араластырып, іртігі кеткенше қозғаймыз. Содан соң желатинді кремнің үстіне құю керек.
- Өте салқын кілегейді миксермен араластырамыз. Кілегей қоюланған кезде қант ұнтағын саламыз. Осы кілегейді енді креммен араластыру керек. Сөйтіп 40 минуттай тоңазытқышқа салып қоямыз.
- Сосын кремді пакетке салып, піскен қамырдың бетіне құямыз. Осылайша әрбір қабатқа кремді жағып, тортты тоңазытқышқа саламыз. Беткі жағын қалауыңызша әсемдейсіз. Міне, мерекелік тортымыз да дайын болды.
Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,