​Таңқурай тосабын қайнатудың ең оңай 4 әдісі

0
5 055

Әрбір үйбикесі дәл осы мезгілде таңқурай тосабын қайнататыны белгілі. Оны дене қызуы көтерілгенде, қабынуға қарсы дәрі ретінде ішу ұсынылады. Әсіресе қыс мезгілінде тұмауратқанда жақсы көмектесетін бұл тосапты дайындаудың өзіндік әдістері бар екен. Егер білмейтін болсаңыз, жазып алыңыз.


​Таңқурай тосабын қайнатудың ең оңай 4 әдісі

фото: viramaina.ru

Әрбір үйбикесі дәл осы мезгілде таңқурай тосабын қайнататыны белгілі. Таңқурай құрамында лимон, алма және салицил қышқылдарының болатынын білесіз бе? Сондықтан да оны дене қызуы көтерілгенде, қабынуға қарсы дәрі ретінде ішу ұсынылады. Әсіресе қыс мезгілінде тұмауратқанда жақсы көмектесетін бұл тосапты дайындаудың өзіндік әдістері бар екен. Егер білмейтін болсаңыз, жазып алыңыз.

фото: pitaniedetey.ru

1-ші әдіс

Қажетті өнімдер:

  • 1,5 кг таңқурай
  • 1,5 кг қант

Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен жидекті жапырақтарынан, артық көктерінен тазартамыз. Осыдан соң таңқурайды тұзды суға салып тазалап жуу керек. Артынша таза сумен тағы бір жуып алады. Жуылған таңқурайларды дуршлагқа салып, суы сорғу үшін 10 минутқа қалдырамыз.
  2. Енді кастрөлге таңқурайды салып, бетіне қантты себелейміз. Сосын жақсылап араластырып, бір-екі сағатқа қалдырамыз.
  3. Осы уақытта банкаларды жуып, булаймыз.
  4. Кейіннен таңқурай салынған кастрөлді жай отқа қойып, үнемі қозғай отырып қайнатамыз. Тосап қайнағаннан кейін бетіне көпіршігі шығады. Міне, осы көпіршікті қасықпен алып тастау керек. Егер көбігін алмасаңыз, тосаптың көпке шыдамауы мүмкін.
  5. Таңқурай тосабын қайнағаннан кейін, 5 минуттай отта ұстау қажет. Содан соң дайын банкаларға құйып, қақпағын мықтап жабамыз. Сонымен, тосап та дайын болды!

фото: st.zakupka.tv

2-ші әдіс

Қажетті өнімдер:

  • 2 кг таңқурай
  • 2 кг қант

Дайындалу тәсілі:

  1. Бұл мәзір бойынша тосап қайнату үшін ең жақсы таңқурайды таңдап алу керек. Яғни, таңқурайдың ірі-ірі әрі таза болғаны дұрыс. Өйткені таңқурайды жумаймыз. Бірден кастрөлге саламыз.
  2. Кастрөлге алдымен қант, сосын таңқурайды кезек-кезек саламыз да, 5-6 сағат бойы қойып қоямыз. Түнгі уақытта осылай араластырып салып, таңға дейін тұрғаны дұрыс.
  3. Таңертең кастрөлді отқа қойып, өз шырынына қайнатамыз. Оны қозғаудың қажеті жоқ. Сондықтан да отты барынша басып қою керек.
  4. Кейіннен стерилденген банкаларға ыстық тосапты құйып, қақпағын бұраймыз.


фото: babushkinadacha.ru

3-ші әдіс

Қажетті өнімдер:

  • 1 кг таңқурай
  • 1,5 кг қант
  • 300 мл су
  • 10 гр. лимон қышқылы
  • 5 гр. желатин

Дайындалу тәсілі:

  1. Желатинді жылы сумен араластырып, көпсітесіз. Пакетінде қалай дайындау керектігі жазылып тұрады. Сол бойынша әзірлеген дұрыс.
  2. Екінші банкаларды стерилдейміз.
  3. Таңқурайды сұрыптап, таза болса жумай-ақ, қайната беруге болады.
  4. Кастрөлге қант пен таңқурайды салып, бетіне су құямыз.
  5. Отқа қойып, жарты сағаттай қайнатылады. Отты барынша жай қойып, арасында қозғауға болады.
  6. Енді тосапқа желатин мен лимон қышқылын қосу керек. Содан соң тағы да 15 минуттай қайнатамыз. Дайын тосапты банкаларға құйып, жауып ала береміз.

4-ші әдіс

Қажетті өнімдер:

  • 1,5 кг таңқурай
  • 3 кг қант

Дайындалу тәсілі:

  1. Алдымен таңқурайды жуып, ыдысқа саламыз да, ағаш қасықпен немесе басқа да құралдармен еземіз.
  2. Осы езбеге қантты қосып, жақсылап араластырамыз. Сосын 20-24 сағат бойы салқын жерге қойып қою керек.
  3. Осы уақыт өткеннен кейін тосапты тазалап жуылған әрі буланған банкаларға саламыз. Банканы бетіне дейін толтырудың қажеті жоқ. Өйткені беткі жағына қант салуымыз керек. Банканың қақпағын бұрап, тоңазытқышқа салып тастаймыз.

Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ