​КӨЗ АҚЫСЫн беру деген не?

0
3 542

Көз ақысын бермесе не болады?


​КӨЗ АҚЫСЫн беру деген не?

фото: kopilkaurokov.ru

Ырым-тыйымымен қоса, наным-сенімдері де таусылмайтын халқымыздың керемет тәрбие беретін, өнеге ететін таным-түсініктері адамдық болмыстан аттамауға шақырады.

Сан ғасырлар бойы маңызын жоймай келе жатқан дәстүрлердің ішінде де кейде елеусіз қалдыратын, бірақ астарына үңіліп қарасақ мейірімділік пен жанашырлыққа, бауырмалдылыққа тәрбиелейтін салттар көп-ақ.


Солардың бірі «көзақысы» деп аталатын дәстүр. Көзақысын беру керек, әйтпесе береке мен несібе қашады деген түсінік бар.


Ал бұл дәстүрді қазіргі күнде көпшілік сақтай бермейді. Өйткені көз ақысы дегеннің не екенін де түсінбейді. Көз тиюмен шатастырмау керек, бірақ екеуінің ұқсастығы да жоқ емес. Бұл әсіресе балаларға қатысты. Бала көргенін, қызыққанын алу керек. Баланың меселін қайтармауды білетін, түсінетін жан болса жақсы ғой, өйткені бала деген бұйымның сатып алынатынын, ол үшін ақша төлеу керектігін әрине түсінбейді.

Әрқайсысыңыздың өміріңізде осындай жағдайлардың кемінде біреуі кездескен шығар. Бала ғой деп үйімізге қонаққа келген балаға тәтті ұстатып немесе киім-кешекпен қуантуға тырысамыз. Ал дүкенде немесе базарда қиғылықты салып, көргенін алып бер деп дүйім жұрттың көзінше «концерт» қоятын қиқар балаларды да жолықтырып қаламыз. Сондай кездері көз ақысы дегенді түсінетін біреу болса баланың көңілін табуға тырысады. Ырыздығын қақпайды. Әрине базарда, бейтаныс адамдардан мұны талап ету де дұрыс емес, сондықтан баланы базарда ертіп жүрген кезде барынша көңілін тоқ етуді ойлаған дұрыс.

Біреуде бар, біреуде жоқ. Ішер асына әзер қаражат тауып жүргендер мен бір сәбидің тырнағына зар қаншама адам бар. Оларды ойлаған адам өзіндегі бармен мақтанып, жұрттың көзін қызықтырып немесе көре алмастығын туындатудан сақтану керек.

фото: ВКонтакте

Бұған мысалды алыстан келтірмей-ақ әлеуметтік желіні ашсаңыз жеткілікті. Ішкен-жегенінен бастап, киген киіміне, шетелге саяхаттағанына мақтанатын пенделер көп. Масаттанған болар, бірақ мастанып «міне қараңдаршы, мен қандаймын!» деп кеудені керу басқалардың қызығушылығымен қоса, қызғанышын да тудыруы мүмкін ғой.


Егер көз ақысын бере алмасаңыз, барынша жасырын болсын. Дүние-мүлкіңізді, бала-шағаңызды сұқ көздерден сақтаңыз.


Жесір әйелдің көзінше күйеуіңізді айтып, жетім баланың көзінше ата-анаңызды айтып, кедейдің көзінше байлығыңызды айтып, мүгедектің жанында денсаулығыңызды айтып мақтану адамгершіліктен алыстатып, жүректі қарайтады.

Сондықтан қашанда жаныңыздағы адамдарды құрметтеп, жақсы мәміледе болыңыз. Қолыңыздан келіп жатса, шын мұқтажға көмек беріп, көз ақысын беріп тұрыңыз.

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Балаға ҚАЛДЫҚ ШАЙды ішкізсе, тілі тез шығады


«БАС құда», «БАУЫЗДАУ құда», « БЕЛ құда» - бұлардың айырмасы қандай?