ТОЙҒА не үшін ҚОРЖЫН апарады?

0
166

Ертеден бері келе жатқан қазақтың кәдесінің бірі - қоржын.


ТОЙҒА не үшін ҚОРЖЫН апарады?

фото: saltdastur.kz

Ертеден бері келе жатқан қазақтың кәдесінің бірі - қоржын. Тойға арнап арналған қоржынның қос қалтасы сыйға толтырылады. Қоржынның бесік тойдан үйлену тойына дейін апарылатын алуан түрі бар.


Барқыт матасынан тігілген ою-өрнектері бар қоржын - ежелгі пішінін сақтаған жылтырақ тастармен әшекейленген, сәндеп тігілетін қос қалташа үлгісі.


Күйеу қоржын деген не?

Күйеу жігіттің ата-анасы өз үйлерінде көрші-қолаңын, туыс-туғандарын шақырып қоржын шай береді. Қонаққа келген адамдар қоржын тігу, оны толтыру үшін жиналады. Дастарқаннан дәм татқаннан кейін жиналған қыз-келіншектер негізгі жұмысқа кіріседі. Тойға шашу деп әкелген тәттілер мен киім-кешек, орамал, маталарды қоржынның ішіне салып, аузын байлайды.

Құдалар жақта қоржын ашатын әйелдің кәдесі ретінде орамал байланып бір көйлек тігуге жарайтын мата салынады. Қоржынның барлық керек-жарағы түгел салынған соң сыртына түрлі алқа-моншақ, білезік, жүзік және қыз балаларға арналған әшекейлер тігіледі.

Қалташаның сыртына тігілген алқа-моншақ, әшекейлер мол болса, жігіттің туған-туыстары болашақ келіннің сұлулығына, тәрбиесіне тәнті болғанын білдіреді. Қыздың үйіне берілген осы қоржынның сыртындағы барлық әшекейді қоржын сөгуге қатысқан тұрмыс құрмаған қыздарға таратып береді. Бұл – «жұғысты болсын, жақсы жерге келін болсын» деген ниетпен жасалатын жоралғы.

Құдаласуға келгенде арнайы уақыт бөлініп, әйелдер жағы бірігіп, қоржынды ашуға кіріседі. Қыздың ата-анасына салынған сыйлықтар табысталып, тәттілер мен басқа да дәм түрлері қоржын сөгуге қатысқан қонақ әйелдерге таратылады.


Қыздың ата-анасына, яғни құдаларға әкелінетін қоржынның бірнеше түрі бар. Мысалы:

-Құда қоржын;

-Күйеу қоржын.

Бұл қоржындарды арнайы кәде-сыймен толтырып, қыздың отбасына апарады. Күйеу қоржынды қыздың үйінде қалдырып кетеді. Ал құдалар әкелген қоржынның ішін кәде сыйға толтырып кері қайтарады. Отау құрған екі жастың қуанышына арналған қоржын осылайша кәдеге толтырылып екі әулеттің арасында жүреді.

Қазақтың бірегей әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері ағайын-туыс арасындағы жақсы қарым-қатынасты қалыптастырып, бүкіл елдің бірлігін сақтауда маңызды. Ғасырдан ғасырға жеткен ұлттық құндылықтардың ұрпақ үшін берері мол болмақ.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Көзмоншақ көз тиюден сақтай ма?


ТӘЖІМ ЕТУ - қазақтың әдеті мен әдебі