Тек Apple құрылғылары ғана iOS жүйесінде жұмыс істейді.
Сурет: i.pinimg.com
Қазіргі таңда iPhone 17 сатылымға шыққалы бері оған сұраныс жоғары. Мұндай сәтті алаяқтар да пайдаланып, жалған (көшірме) iPhone-дарды түпнұсқа деп сатып, пайда тауып қалуға тырысады. Сондықтан сатып алмас бұрын құрылғының түпнұсқа (оригинал) екеніне көз жеткізу өте маңызды. Тексерудің сенімді тәсілдерін төменнен оқи аласыз.
1. Қорабын және сыртқы көрінісін тексеріңіз
- Қорап сапасы жоғары болады, әрптері анық, Apple логотипі дәл, бұлыңғыр емес.
- IMEI / сериялық нөмірі қорапта, телефонда және құрылғының ішінде бірдей болуы тиіс.
- Қытайлық көшірмелердің қорабында қателер немесе сапасыз баспа жиі кездеседі.
2. IMEI / Сериялық нөмір арқылы тексеру
- Телефонда: "Параметрлер > Негізгі > Бұл құрылғы туралы" бөлімінен IMEI және сериялық нөмірді қараңыз.
- Немесе: *Телефон тергішке #06# теріп, IMEI шығарып алыңыз.
- Осы нөмірді Apple-дың ресми сайтында тексеріңіз. https://checkcoverage.apple.com/ сілтемесі бойынша кірсеңіз, тексеру үшін арнайы жасалған жолақ болады. Жолаққа IMEI--кодты теріп, тексеру батырмасын басыңыз. Егер сайтта құрылғы танылмаса, ол түпнұсқа емес деген сөз.
3. iOS операциялық жүйесі бар ма?
Тек Apple құрылғылары ғана iOS жүйесінде жұмыс істейді. Жалған iPhone-дар көбіне iOS жүйесіне ұқсатып жасалған, бірақ ішінде Android-тың түрлендірілген нұсқасы болады. Бұл үшін "Параметрлер > Негізгі > Бағдарламалық жасақтама туралы" бөліміне кіріңіз. Онда iOS 18 (немесе басқа iOS нұсқасы) деп нақты көрсетіледі.
4. App Store дүкенін тексеріңіз
Нағыз iPhone-да тек App Store болады. Егер Play Market немесе басқа дүкен болса — бұл Android-көшірме.
5. Бағасына күмәндану
Егер құрылғы нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан болса, бұл қандай да бір себепке байланысты болатыны анық. Түпнұсқа құрылғыны сатылым бағасынан төмен сату өте сирек кездеседі. Ұсталғанын, қолдан алып жатсаңыз да, тым арзан баға күмән туғызуға тиіс.
6. MacBook немесе iTunes арқылы тексеріңіз
iPhone-ды компьютерге қосып, iTunes арқылы құрылғыны анықтауға болады. Түпнұсқа iPhone-ды iTunes автоматты түрде таниды. Жалған құрылғы мүлдем танылмауы немесе қате көрсетуі мүмкін.
7. Құрылғы корпусындағы ұсақ бөлшектер
Apple барлық бөлшектерді өте дәлдікпен жасайды. Дыбыс шығаратын тесіктер, логотип, түймелердің орналасуы, материалы, түсі – бәрі өте сапалы. Жалған нұсқаларда түймелер дұрыс жұмыс істемеуі, логотип сәл қисық немесе өшіп қалатын бояумен басылуы мүмкін.
8. eSIM қолдауы / iCloud арқылы тексеру
- Жаңа iPhone-дарда eSIM қолданылады. Бұл функция көшірмелерде болмайды.
- iCloud тіркелгісіне кіру арқылы құрылғының Find My iPhone (Мені табу) функциясын тексеріңіз.
- Тексерілмеген адамнан, кездейсоқ жерден немесе күмәнді сайттардан iPhone сатып алмаңыз.
- Мүмкіндігінше ресми Apple дүкенінен немесе ресми серіктестерден алыңыз.
Сурет: appleinsider.ru
Жалпы алғанда, маркетплейстерден немесе жеке сатушылардан смартфон сатып алу – тәуекелді іс. Жалғыз iPhone емес, басқа да кез келген брендтің құрылғысын сатып аларда түпнұсқалығын тексеру маңызды. Мысалы, Samsung смартфондарын алсақ.
Samsung гаджеттері жалған нұсқалар рейтингінде жиі кездеседі. Өндірушінің айтуынша, бұған дейін Galaxy S сияқты жоғары деңгейлі смартфондар жиі көшірмеленген. Қазірде тіпті бюджеттік модельдер – Galaxy A мен Galaxy M де жалған нұсқалар қатарынан табылып жүр. Сондықтан кез келген қолдан сатып алынған құрылғы жалған болуы мүмкін деп есептеген дұрыс.
Қолдан жасалған смартфонды анықтау қиын емес, тіпті кейде сыртқы қарапайым белгілердің өзі жеткілікті.
Негізгі айырмашылықтар:
- Құрастыру және материал сапасы – жалған құрылғыларда арзан, сапасыз пластик пен нашар біріктірілген бөлшектер болады.
- Интерфейстегі қателер – мәзірде жазу қателері, түсініксіз белгілер болады.
- Интерфейс баяу жұмыс істейді, мәзір ашылуы кешігеді.
- Жалған құрылғыларда Samsung-тың арнайы сервистері (мысалы, Galaxy Store, Samsung Pay, Samsung Health) болмайды.
Егер сыртқы көрінісі ешқандай күмән туғызбаса, мынандай сенімді әдістер бар:
1. Сериялық нөмір мен IMEI арқылы тексеру
- IMEI – әр құрылғыға берілетін уникалды халықаралық идентификациялық код.
- IMEI құрылғының артқы панелінде, кепілдік талонында, қаптаманың сыртында (қорапта) көрсетіледі. Смартфонның тергішіне *#06# теру арқылы немесе «Параметрлер > Құрылғы туралы» бөлімінен де шығаруға болады.
- Samsung арнайы сервисі арқылы IMEI-ді тексеруге мүмкіндік береді.
- Сериялық нөмір де маңызды. Ол да «Құрылғы туралы» бөлімінде жазылған. Бұл нөмір қораптағы және құрылғыдағы мәліметпен сәйкес келуі тиіс.
2. Көрнекі және қолмен ұстап көру арқылы тексеру
Мына белгілер жалған құрылғы екенін көрсетеді:
- Корпус бөлшектерінің бір-біріне дәл келмеуі.
- Құрылғыны қолмен қысқанда сырғып немесе сықырлап кетуі.
- Тегіс емес қырлар, бұрыштары дұрыс өңделмеген.
- Дисплей жарықтығы төмен, түс солғын.
- Интерфейсте аударылмаған сөздер, қате аудармалар.
- Тіпті қоңырау шалу немесе SMS қолдану сияқты қарапайым функциялар да баяу жұмыс істейді.
3. Техникалық кодтар арқылы тексеру
Техникалық кодтар – өндіруші тек түпнұсқа құрылғылар үшін жасайтын арнайы комбинациялар. Жалған смартфондарда бұл кодтар жұмыс істемейді.
Мына кодтарды теріп тексеріңіз (қоңырау шалу батырмасын басудың қажеті жоқ):
*#0*#Экран, дыбыс, сенсор және т.б. тестілеуге арналған сервис мәзірі
*#1111#Бағдарламалық жасақтама нұсқасы
*#1234#Бағдарламалық жасақтама нұсқасы
*#0011#Желі туралы ақпарат
*#2663#Сенсор экранының нұсқасы
*#34971539#Камера туралы ақпарат
*#0808#USB параметрлері
Ескерту: Кейбір модельдерде бұл кодтар жұмыс істемеуі мүмкін. Жаңартылған бағдарламалар кодтардың жұмысын бұғаттап тастауы ықтимал.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,