​ТЕЛЕФОНыңыз қуатты БАЯУ ала ма? 7 негізгі себеп және шешімі

0
151

Уақыт өте келе аккумулятор өзінің бастапқы сыйымдылығын жоғалтады


​ТЕЛЕФОНыңыз қуатты БАЯУ ала ма? 7 негізгі себеп және шешімі

Фото: img.ixbt.site

Телефонды қуаттауға қоясыз да, «Мен тірлігімді істеп болғанша тола берсін» деп кетесіз. Қайтып келсеңіз, небәрі 5 пайыз ғана қосылған. Осындай жүйкеге тиетін жағдай сізде де жиі болып тұра ма?

Смартфонның қуатталу жылдамдығына көптеген фактор әсер етеді. Көбіне мәселе телефонның өзінде емес, оны қалай пайдаланып жүргенімізде болуы мүмкін. Біз баяу қуаттаудың негізгі себептерін анықтап, әр мәселеге сәйкес шешімдерді ұсынамыз.


1. Кабель сәйкес келмеуі мүмкін

Баяу қуаттаудың ең жиі кездесетін себептерінің бірі – аксессуарлардың бір-біріне сәйкес келмеуі. Телефоныңыз 60 Вт қуатты қолдай ма? Керемет! 60 Вт адаптеріңіз бар ма? Бұл да жақсы. Бірақ кабель ескі, тым жұқа немесе белгісіз маркетплейстен алынған болса, ол мұндай қуатты өткізе алмауы мүмкін.

Қазіргі жылдам қуаттау стандарттары қуатты адаптерді ғана емес, оған сәйкес келетін дұрыс кабельді де қажет етеді. Егер кабель қажетті стандартты қолдамаса, смартфон автоматты түрде баяу қуаттау режиміне ауысып, кабель өткізе алатын қуат мөлшерін ғана қабылдайды. Ал телефонды компьютер немесе ноутбук арқылы қуаттап отырсаңыз, жоғары жылдамдықты күтудің мүлде қажеті жоқ.

Не істеу керек? Телефонмен бірге келген түпнұсқа кабель мен адаптерді пайдаланыңыз. Немесе қажетті қуаттау протоколын қолдайтын сапалы, сертификатталған баламасын таңдаңыз.


2. Қуаттау ұясына шаң жиналған

Қуаттау порты жай ғана кішкентай тесік сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде ол өте осал бөлік. Уақыт өте келе оның ішіне шаң, қалтадағы ұсақ талшықтар, қиқым және басқа да қоқыс жиналады. Осының салдарынан түйісу сапасы нашарлап, телефон баяу қуаттала бастайды немесе жылдам қуаттау функциясы мүлдем іске қосылмайды.

Не істеу керек? Ұяны абайлап ағаш тісшұқығышпен немесе жұмсақ, жіңішке затпен мұқият тазалауға болады. Металл ине немесе басқа өткір металл заттарды пайдаланбаңыз. Портқа ауызбен ауа үрлемеу де үлкен қателік, бұл контактілерді зақымдауы мүмкін. Егер өзіңіз тазалауға сенімді болмасаңыз, сервис орталығына барған дұрыс.


3. Телефон қызып кетеді

Телефон – микротолқынды пеш емес. Құрылғы қызған кезде жүйе аккумуляторды қорғау үшін қуаттау қуатын автоматты түрде төмендетеді. Ал телефонның қызып кетуіне бірнеше жағдай себеп болуы мүмкін: оны күннің астында қалдыру, қалың қаппен қуаттау, қуатталып жатқан кезде күрделі ойын ойнау немесе жай ғана ыстық бөлмеде ұстау.

Не істеу керек? Қуаттау кезінде телефонның қаптамасын шешіп қойыңыз. Қуатталып жатқанда оны пайдаланбауға тырысыңыз және құрылғыны салқын әрі көлеңкелі жерге қойыңыз.


4. Жылдам қуаттауды өзіңіз байқамай шектеп қойған болуыңыз мүмкін

Қазіргі смартфондар аккумуляторды қорғау үшін арнайы функциялармен жабдықталған. Мысалы, «Оңтайландырылған қуаттау» немесе «Бейімделетін қуаттау» функциялары аккумулятордың тез тозуын азайту үшін қуаттау процесін әдейі баяулатады.

Телефон 80 пайызға дейін жылдам қуатталуы мүмкін, ал соңғы 20 пайызы өте ұзақ уақыт алуы ықтимал. Кейде смартфон сіздің әдеттегі ояну уақытыңызды ескеріп, 100 пайызға дейін қуаттауды дәл телефонды зарядтан ажырататын уақытқа жоспарлайды.

Не істеу керек? Телефонды шұғыл түрде қуаттау қажет болса, батарея баптауларына кіріп, «Оңтайландырылған қуаттау», «Бейімделетін қуаттау» функцияларын уақытша өшіріңіз. Мысалы, Samsung құрылғыларында бұл «Баптаулар – Батарея – Қуаттау баптаулары» бөлімдерінде орналасуы мүмкін. Басқа өндірушілерде де атауы ұқсас болады.


5. Сымсыз қуаттау

Ескі Qi сымсыз қуаттау станциялары небәрі 7,5–10 Вт қуат беруі мүмкін. Оның үстіне энергияның ауа арқылы берілуі кезінде болатын шығындар тиімділікті одан әрі төмендетеді. Егер телефон қалың қапта тұрса немесе қаптамасында металл элемент болса, қуаттау тиімділігі одан да төмендеуі мүмкін.

Ноутбук немесе автокөліктің USB порты арқылы қуаттау да аса жылдам емес. Мұндай порттар жоғары қуат беруге емес, энергияны қауіпсіз әрі тұрақты таратуға көбірек бағытталған.

Не істеу керек? Телефонды мүмкіндігінше жылдам қуаттау қажет болса, розеткаға қосылатын сымды қуаттағышты пайдаланыңыз. Ал сымсыз қуаттауды түнде немесе кеңседе, жылдамдық аса маңызды болмаған кезде қолданған ыңғайлы.


6. Аккумулятор тозған

Уақыт өте келе аккумулятор өзінің бастапқы сыйымдылығын жоғалтады. Қуатты басқару жүйесі батареяның тозғанын анықтаған кезде, оны әрі қарай зақымдап алмау үшін қуаттау жылдамдығын шектеуі мүмкін.

Егер телефоныңызды қолданғаныңызға бірнеше жыл болып, соңғы уақытта оның бұрынғыдан әлдеқайда баяу қуаттала бастағанын байқасаңыз, мәселе аккумулятордың тозуына байланысты болуы ықтимал.

Не істеу керек? Батареяны сервис орталығында ауыстыру. Басқа тиімді жолы жоқ.


7. Бағдарламалық жасақтамаға қатысты мәселе

Кейде кезекті бағдарламалық жасақтама жаңартылғаннан кейін жүйе дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін. Мысалы, әзірлеушілер байқамай қалған қателік салдарынан аккумулятор әдеттегіден баяу қуатталуы ықтимал.

Не істеу керек? Бұл мәселені түзететін жаңарту шыққан-шықпағанын тексеріңіз. Егер жаңа нұсқа болмаса, телефонды қайта іске қосып көріңіз. Кей жағдайда қарапайым қайта жүктеудің өзі мәселені шешуі мүмкін.

Аударған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ