17 ақылы жолдың бұрын айтылмаған егжей-тегжейі белгілі болды

0
2 503

Ақылы жаңа жолда әр көліктен 28 мың теңгеден жиналмақ.


17 ақылы жолдың бұрын айтылмаған егжей-тегжейі белгілі болды

ERNUR.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгi биылғы 30 наурыздан бастап, бірден 5,8 мың шақырым жол ақылы болатынын жариялаған. Мұның анық-қанығы енді ғана мәлім болып отыр. Жалпы алғанда, 2025 жылға дейін Қазақстанда 11 мың шақырым жолда бұрынғыдай ақысыз жүруге толық тыйым салынбақ. Қазіргі кезде жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырымды құрайтын автожолдың 18 телімінде ақша жинайтын бақылау аркасын орнату аяқталған. Ақылы телімдердің бірінші кезеңі 2021 жылғы 30 наурызда іске қосылады, деп жазады inbusiness.kz.

Одан түскен қаражаттың бір бөлігін ақы жинаушы компания жолға ағымдағы жөндеу жүргізуге, жолды ұстап тұруға, төлем жинау жүйесіне қызмет көрсетуге жұмсауы керек. Басқа ақшаның бәрін инвестор МЖӘ төлемі ретінде қалтасына басады. Барлық жол серіктес деп танылған компанияға 20 жылға беріледі.

17 жолда көліктерден қанша ақы жиналады? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгiнiң Көлiк комитетi республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын қандай автомобиль жолдарының биыл ақылы болатынын нақты айтып берді. Олардың жай-жапсарына тоқталсақ.

1. Щучье – Көкшетау Оған тегін мынадай баламалы жол ұсынылады: Бурабай – Ильичевка – Чкалово – Қиялы – Смирново – Токуши – Петропавл облыстық маңыздағы автомобиль жолы. Егер жүргізуші осылай қиядан айналып жүргісі келмесе, І-а санатты трассамен қозғалғаны үшін ақы төлеу керек. Ақылы жол екі бағытта 2–3 жолақтан тұрады. Ұзындығы – 239,25 шақырым. Жол учаскесі екі бөлікке бөліп тасталған. Оның тек бір бөлігімен жүру үшін жеңіл көліктер – 50 теңгеден, автобустар орын санына қарай – 570–2 070 теңгеден, жүк көліктері – 2 750-ден 4 080 теңгеге дейін төлеуге тиіс.

2. Нұр-Сұлтан – Қостанай Баламалы жол ретінде Көкшетау – Саумалкөл – Сарыкөл облыстық маңызы бар автомобиль жолы көрсетілген. Ал ақылы жол ІI санатты, екі бағытта 2 жолақтан тұрады. Ұзындығы – 650 шақырым. Төлем көлемі жеңіл көліктер үшін 630–930 теңге, автобустар мен жеңілдеу жүк көліктері үшін 3 100–13 990 теңге, 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері үшін 12 480–23 350 теңге аралығында. Ең табысты жолдың бірі: жүк көліктері үшін ең қымбатқа түсетін үшінші бағыт болмақ.

3. Атырау – Бейнеу – Өзбекстан шекарасы Баламасы жоқ. Ақылы жолдың техникалық сыныптамасы – ІII санатты, екі бағытта 2 жолақтан тұрады. Ұзындығы – 502 шақырым. Бұл – көп ақы жинайтын екінші жол. Төлем көлемі жеңіл көліктер үшін 660–1 000 теңге, автобустар мен жеңілдеу жүк көліктері үшін 3 290–14 865 теңге, 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері үшін 13 220–24 760 теңге.

4. Қарабұтақ (Ақтөбе облысы) – Қызылорда Баламалы тегін жол көзделмеген. Ақылы жол ІI санатты, екі бағытта да тек 1 жолақтан тұрады. Жалпы ұзындығы – 767 шақырым. Бұл – елімізде тең-тең жүк таситын фуралардан ең көп ақы алатын ең қымбат жолға айналады! Төлем көлемі жеңіл көліктер үшін 760–1 130 теңге, автобустар мен жеңілдеу жүк көліктері үшін 3 790–17 100 теңге, 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері үшін 15 200–28 490 теңге аралығында.

5. Шымкент – Ташкент (Өзбекстан) Комитеттің дерегінше, I-б санатындағы бұл ақылы жол Өзбекстан шекарасынан (Ташкентке апаратын жол) – Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас Көкпек, Көктал, Қайнарға беттейтін жаңа республикалық автожолдың бір телімін құрайды. Баламалы жол ретінде жергілікті маңызы бар жол: Шымкент – Бадам –Маятас – Сұлтанрабат – Первомаевка – Жаңабазар – Сынтас – Қарабау – Шарбұлақ – Қазығұрт – Қызылқия – Ыраталы – Дербісек – Жібек Жолы – Өзбекстан шекарасы автомобиль жолы ұсынылады. Бұл жолдың нашарлау екенін ескерсек, онымен жүрген азамат ақшасын үнемдегенімен, әбден зықысы шығары сөзсіз. Ақылы жол екі бағытта да 4 жолақтан тұрады, жалпы ұзындығы – 84 шақырым. Онымен қозғалатын жеңіл көліктерден 90–140 теңгеден, автобустар мен жеңілдеу жүк көліктерінен 430–1 900 теңгеден, ал 10 тоннадан ауыр жүк машиналарынан 1 680–3 160 теңгеден жиналады.

6. Шымкент – Қызылорда Оған балама ретінде Көксарай – Балтакөл – Бұланбайбауы облыстық маңызы бар автожолы ұсынылды. Ал Іб санатты республикалық маңыздағы ақылы жолдың жалпы ұзындығы – 452 шақырым. Онда екі бағытта 4 жолақ бар. Бұл жолда жеңіл көліктерден 450–680 теңге, автобустар мен жеңілдеу жүк көліктерінен 2 250–10 170 теңге, 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктерінен 9 040–16 940 теңге аралығында төлем төлеу талап етілмек.

7. Орал – Саратов (Ресей Федерациясы) Баламалы жол ретінде Орал – Чапаев – Жалпақтал – Казталов – Жәнібек – Ресей шекарасы (Палласовкаға дейін) бағытындағы облыстық маңызы бар автожолы белгіленді. Мәртебесі көрсетіп тұрғандай, тегін жолдың жай-күйі де төмен. Ақылы жолдың негізгі көрсеткіштеріне тоқталсақ, ол ІI санатты, екі бағытта 2 жолақтан тұрады. Жалпы ұзындығы – 100 шақырым. Мұнда жеңіл көліктерден 225–340 теңге, автобустар мен жеңілдеу жүк көліктерінен 450–1 015 теңге, 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктерінен 900–1 690 теңге аралығында төлем сұралады.

8. Орал – Самара (РФ) Бұл ақылы жолға түскісі келмейтіндерге баламалы жол түрінде Орал – Достық – Ресей шекарасына (Озерноеға дейін) дейін айналып жүретін облыстық маңызы бар автомобиль жолы ғана қалады. Ақылы жолдың сипаты – ІI санатты, екі бағытта 2 жолақтан тұрады. Жалпы ұзындығы – 55 шақырым. Ақыры осы жолға түскен автобустар мен жеңілдеу жүк көліктері 225–1 015 теңгеден, 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері 900–1 690 теңгеден ақша беруге міндеттелмек.

9. Тараз – Қайнар (Жамбыл облысынан Алматы қаласына апарады) Баламалы жол: Ұзынағаш – Бірлік – Шу облыстық маңызы бар автожолы. Ақылысының техникалық сыныптамасы – Іб санатты. Қозғалыс белдеулерінің саны – екі бағытта 4 жолақ. Ұзындығы – 237,52 шақырым. Төлем көлемі әрбір жеңіл көлік үшін 240–350 теңге, автобустар мен жеңілдеу жүк көліктері үшін 1 190–5 390 теңге, 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері үшін 4 800–8 990 теңге аралығында.

10. Павлодар – Семей – Қалбатау Баламалы жол: Павлодар – Майқайың – Баянауыл – Корнеевка – Қарқаралы – Баршатас – Аягөз – Қалбатау жергілікті маңызы бар автомобиль жолы. Ақылы жолдың техникалық сыныптамасы – ІІ санатта. Жолақтарының саны – екі бағытта да екі-екіден. Ұзындығы – 474 шақырым. Төлем көлемі автобустар мен жеңілдеу жүк көліктері үшін 2 330–10 590 теңге, 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері үшін 9 420–17 640 теңге аралығында.

11. Павлодар – Омбы (Омск, Ресей) Баламалы жол: жергілікті маңызы бар Павлодар – Ленинский – Қараоба – Ақтоғай – Ертіс – Северное автомобиль жолы. Ақылы жол – ІІ санатты. Екі бағытта да 2 жолақтан тұрады. Жалпы ұзындығы – 199 шақырым. Төлем көлемі автобустар мен жеңілдеу жүк көліктері үшін 970–4 430 теңге, 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері үшін 3 940–7 390 теңге аралығында.

12. Нұр-Сұлтан – Павлодар Ресми ұсынылған баламалы жол жоқ. Ақылы жол Іб санатты, екі бағытта 4 жолақтан құралған. Ұзындығы – 177 шақырым. Төлем көлемі жеңіл көліктер үшін 180–270 теңге, автобустар мен жеңілдеу жүк көліктері үшін 885–3 960 теңге, 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері үшін 3 540–6 630 теңге.

13. Қостанай – Троицк (РФ) Баламалы тегін жол ұсынылмады. Ақылы жолдың өзі ІI санатты, қозғалыс белдеулерінің саны – екі бағытта тек 1 жолақтан ғана. Ұзындығы – 170 шақырым. Төлем көлемі автобустар мен жеңілдеу жүк көліктері үшін 840–3 810 теңге, ауыр жүк көліктері үшін 3 400–6 370 теңге аралығында.

14. Қапшағай – Талдықорған Баламалы жол ұсынылмады. Ақылы жол I-а және І-б санатында. Қозғалыс жолақтарының саны – екі бағытта да 3 (67–68 шақырымдары) және 2 (68–253 шақырымдары) жолақтан. Ұзындығы – 186 шақырым. Төлем көлемі жеңіл көліктер үшін 190–290 теңге, автобустар мен жеңілдеу жүк көліктері үшін 930–4 180 теңге, ауыр жүк көліктері үшін 3 740–6 990 теңгеден.

15. Ақтөбе – Орал Баламасы қарастырылмаған. Ақылы жол II-ІII санатқа жатады. Бірақ енсіз: екі бағытта 1 жолақтан ғана бар. Ұзындығы – 448 шақырым. Төлем көлемі автобустар мен жеңілдеу жүк көліктері үшін 450–6 690 теңгеден, 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері үшін 6 690–13 410 теңге аралығында.

16. Ақтөбе – Орынбор (Ресей) Баламалы жүріп өту тек облыстық маңызы бар Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орск) автомобиль жолы арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Ақылы жолдың техникалық сыныптамасы – ІІ санатты. Екі бағытта да 1 жолақтан құралған. Ұзындығы – 92 шақырым. Төлем көлемі автобустар мен жеңілдеу жүк көліктері үшін 400–1 800 теңге, 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері үшін 1 600–3 000 теңге аралығында.

17. Ақтау – Бейнеу (Маңғыстау облысы) Бұл Ақтау теңіз портына дейін апаратын стратегиялық маңызды жол. Оған балама ұсынылмады. Ақылы жолдың бір бөлігі – ІI санатты, екінші учаскесі – Iб санатты. Екі бағытта 2 жолағы бар. Ұзындығы – 454 шақырым. Жиналатын төлем көлемі автобустар мен жеңілдеу жүк көліктері үшін 2 270–10 210 теңге, 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері үшін 9 080–17 010 теңгеден.

Айта кетер жайт, барлық ақылы жол бойындағы жергілікті тұрғындар онымен өз жеңіл көліктерімен жүру үшін 365 күнге (1 жылға) 1000 теңгеге абоненттік карта сатып ала алады. Өзге өңір тұрғындарына, бизнеске, жүк тасымалдаушыларға мұндай мүмкіндік берілмейді.