2023 жылы айыппұл мөлшері қалай өзгереді

0
503

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жаңа мөлшері белгілі болды.


2023 жылы айыппұл мөлшері қалай өзгереді

ERNUR.KZ. Жақында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойған еді. Соған сәйкес Қазақстанда жаңа айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3450 теңге болып белгіленді, деп жазады ҚазАқпарат.

Осылайша, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жаңа мөлшері белгілі болды. Келесі жылдан бастап айыппұл көлемі бірден 13 пайызға өспек. Осыған байланысты жол ережесін бұзғаны үшін қанша айыппұл салынатыны жөнінде жеке-жеке тоқталып көрейік.

Жылдамдықты арттырғаны үшін төленетін айыппұл көлемі

2023 жылы автомобиль қозғалысының жылдамдығын 10-20 километрге арттырғаны үшін жүргізушілер 5 АЕК немесе 17 250 теңге айыппұл төлейтін болады. Қазір бұл айыппұл көлемі - 15 315 теңге.

Ал сағатына 20-40 километрге арттырса, 10 АЕК немесе 34 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынады, биыл - 30 630 теңге.

Жылдамдықты сағатына 40 километрден асырғаны үшін 20 АЕК немесе 69 мың теңге айыппұл төлейді. Бұл 2022 жылы 61 260 теңгені құраған болатын.

Ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде жылдамдықты қайта арттырған жағдайда 30 АЕК немесе 103 500 теңге айыппұлмен жазаланады. Қазір бұл айыппұл көлемі 91 890 теңгені құрап отыр.

Көлік жүргізуге құқығы жоқ азаматтар қанша айыппұл төлейді

Автокөлікті жүргізуге құқығы жоқ жүргізушіге 20 АЕК немесе 69 мың теңге айыппұл салынады, 2022 жылы ол 61 260 теңге.

Көлікті жүргізу құқығынан айырылып, көлік айдағаны үшін 50 АЕК немесе 172 500 теңге айыппұл салынады не 20 тәулікке қамауға алынады.

Жол белгілерін елемеген жағдайда

Жол белгілері мен оның талаптарын сақтамағаны үшін 3 АЕК немесе 10 350 теңге айыппұл төлейді. Қазір 9 189 теңге.

Бағдаршамның «қызылына» тоқтамаған немесе жол диспетчерінің тыйым салу қимылына қарамаған жайғдайда 10 АЕК немесе 34 500 теңге айыппұл салынады. 2022 жылы 30 630 теңге болды.

Құқық бұзуды қайталаса, айыппұл көлемі 15 АЕК 2022 жылғы 45 945 теңгенің орнына 51 750 теңгеге дейін өседі.

Жол қозғалысы ережелерін бұзып, жаяу жүргіншілер жолы, жол жиектері немесе тротуармен жүрсе, 15 АЕК немесе 51 750 теңге айыппұл төлейді, қазір 45 945 теңгені құрап отыр.

Аялдама/автотұрақ ережесін бұзған жағдайда

Көлікті тұраққа дұрыс қоймаған жағдайда да салынатын айыппұл мөлшері артты. Мысалы, аялдама немесе автотұрақ қағидаларын бұзғандарға 5 АЕК немесе 17 250 теңге айыппұл салынады. 2022 жылы ол 15 315 теңге.

Тротуарда, гүлзарларда, балалар және спорт алаңдарына көлігін қойып кетіп, сондай-ақ басқа да автокөліктердің жүруіне кедергі жасаса, 10 АЕК немесе 34 500 теңгеге дейін айыппұл төлейді, қазіргі таңда ол 30 630 теңгені құрайды.

Ақылы тұраққа ақша төлемеген жағдайда 3 АЕК немесе 10 350 теңге айыппұл салынады, 2022 жылы 9 189 теңге болған еді.

Көлікті тоқтату талабы орындалмаған жағдайда

Қызметкердің көлікті тоқтату туралы талабын орындамаған жағдайда 40 АЕК немесе 138 мың теңге айыппұл салынады. Айта кетейік, айыппұлдың бұл түрі 11 қыркүйекте әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізілген кезде оның мөлшері өскен болатын. Қазіргі кезде 30 АЕК немесе 91 890 теңгені құрайды.

Ал бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 5 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынып, машина айдау құқығынан айырылады. Көлік жүргізу құқығынан айырылған азаматтар жолда полицияға тоқтамай өтіп кетсе, 60 АЕК айыппұл салынады, ал бұл 2023 жылы 207 мың теңге болмақ.

Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзып, қауіпсіздік белбеуін тақпаған және рульде отырып, телефонды пайдаланған жағдайда 5 АЕК айыппұл салынады, яғни 2023 жылы 17 250 теңге болмақ. Ал 2022 жылы бұл 15 315 теңге болды.

Жаяу жүргіншілерге қатысты айыппұлдар

Жаяу жүргіншілерге арналған орындардағы жол қозғалысына қатысты ережелер орындалмаса, 6 126 теңгенің орнына 6 900 теңге - 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі бірден 10 АЕК-ке дейін артып, 30 630 теңгенің орнына 34 500 теңге төлейтін болады.

Жол ережесіне қатысты басқа да айыппұл көлемі

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қыркүйек айында полиция қызметкерлері мен тергеушілердің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың заңды өкімдеріне бағынбайтындар немесе олардың жұмысына кедергі келтіретіндер үшін 30 АЕК - 103 500 теңге мөлшерінде айыппұл салуды немесе 15 тәулікке дейін қамауға алуды көздейтін өзгерістер енгізілді. 2022 жылы бұл айыппұл 91 890 теңгені құраған еді.

Бір жыл ішінде тағы да қайталанса, 15-тен 20 күнге дейін қамауға алынады. Қамауға алынбағандар үшін жаза ретінде 50 АЕК - 175 500 теңге (2022 жылы 153 150 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Қоғамдық орында түкіргені үшін, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін 5 АЕК немесе 17 250 теңге айыппұл салынады. Ал қайталанған жағдайда 10 АЕК-ке немесе 34 500 теңге төлейтін болады.