2025 жылы елімізде қайта жаңарту және құрылыс жобаларымен 2900 шақырым жол қамтылды

0
85

Қазіргі таңда 800 шақырым жол, яғни 48 нысан аяқталып, қолданысқа берілді.


2025 жылы елімізде қайта жаңарту және құрылыс жобаларымен 2900 шақырым жол қамтылды

ERNUR.KZ. Биылғы жол-құрылыс маусымында 9500 шақырым республикалық маңызы бар автожолда түрлі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Яғни қайта жаңарту және құрылыс жобаларымен 2900 шақырым; күрделі жөндеумен 460 шақырым; орташа жөндеумен 5100 шақырым жол қамтылды. 2025 жылы жол-құрылыс маусымында 10 мың бірлік арнайы техника, 25 мың маман жұмылдырылып, 12 млн тонна қиыршық тас пен 544 мың тонна битум пайдаланылды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

«Қайта жаңарту жобаларын жүзеге асыру мақсатында 3 мыңнан астам маман, 5 мыңнан астам бірлік жол-құрылыс техникасы және 40 асфальтбетон зауыты жұмылдырылды. Жыл басынан бері 2 мың шақырымда жұмыстар аяқталып, қолданысқа берілді. Биылға жоспарланған маңызды жобалардың бірі – «Қалбатау-Майқапшағай» автожолының қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, 415 шақырым жолда қозғалыс ашылды», – деді спикер.

Қараша айының басында Ақтөбе облысында I санаттағы «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» учаскесінің 28 шақырымдық бөлігі ашылады. Сонымен қатар Қызылорда облысында II санаттағы «Қызылорда – Жезқазған» автожолының ұзындығы 192 шақырымдық учаскесі пайдалануға берілмек.

Ал, Ұлытау облысында бүгінгі күні «Қызылорда – Жезқазған» жобасы аясында 40 шақырым жол салынды. Бұдан бөлек, 27 су өткізгіш құбыр орнату жұмыстары толық аяқталып, екі көпірде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Алматы облысында ұзындығы 67 шақырымды құрайтын I санаттағы «Құрты – Қапшағай» учаскесінің қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілмек.

«2025 жылдың басынан бері күрделі жөндеуден республикалық маңызы бар автомобиль жолдардың 31 нысаны өтті. Олардың жалпы ұзындығы 460 шақырымды құрайды. Жылдың соңына дейін 174 шақырым жолды немесе 7 нысанды тапсырамыз. Қалған жобалар өтпелі, келесі жылы жалғасады.Орташа жөндеумен 209 нысан қамтылды. Олардың жалпы ұзындығы 5117 шақырым, оның 32 нысаны өтпелі және 177-і жаңа нысандар», – деді компанияның басқарма төрағасы.

Қазіргі таңда 800 шақырым жол, яғни 48 нысан аяқталып, қолданысқа берілді.