2025 жылы Павлодар облысына 1 трлн теңге инвестиция тартылды

0
81

Биыл Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері тұрақты өсімге ие. Өңірге 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды.


2025 жылы Павлодар облысына 1 трлн теңге инвестиция тартылды

ERNUR.KZ. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Осы нәтижемен өңір республика бойынша 2-орынға шықты. Тартылған қаражаттың 80%-ы - жеке сектордың қаражаты. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ОКҚ брифингінде хабарлады.

Оның айтуынша, қазір өңірде жалпы құны 7,3 трлн теңгені құрайтын 102 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

«Өнеркәсіптің қарқынды дамуы – экологияға белгілі бір әсер ететінін жақсы түсінеміз. Сондықтан өңірдің индустриялық өсуін сақтай отырып, ластаушы заттарды азайтуға басымдық беріп отырмыз. Мысалы, соңғы бір айда Екібастұзда ашылған екі жаңа ферроқорытпа зауытында 99,8% зиянды заттарды ұстай алатын заманауи гибридті сүзгілер орнатылды. ERG тобының төрт ірі кәсіпорнында 178 млрд теңге көлемінде кешенді экологиялық шаралар атқарылуда», – деді өңір басшысы.

Алдағы уақытта осындай шараларды Павлодар мұнай-химия зауыты, облыстық жылу-энергетикалық орталықтары және Екібастұздағы МАЭС-1 мен МАЭС-2 зауыттарында енгізу жоспарланған.

Тағы бір маңызды бағыт – қатты қалдықтарды басқару. Облыс орталығында алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешені бой көтеруде. Мұнда пластик, металл, қағаз және шыны қайта өңдеуге тапсырылады. Жобаның жалпы инвестициясы 4.8 млрд теңге, қуаты 150 мың тоннаны құрайды. Бұл кешенді келесі жылдың мамырында іске қосу көзделген.