Педагогтерге 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енетін заңнамадағы жаңартылған нормалар таныстырылды.
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі
ERNUR.KZ. Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша Абай, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында алғашқы әскери дайындық оқытушыларына арналған оқу-әдістемелік жиындар өтті, деп жазады inform.kz.
Жиындарға жүзге жуық алғашқы әскери дайындық оқытушысы қатысты. Негізгі назар әскери-патриоттық тәрбиенің заманауи талаптары мен қазіргі қарулы қақтығыстар сипатының өзгеруін ескере отырып, әскерге дейінгі жастарды даярлау мазмұнын жаңартуға аударылды.
Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары майор Людмила Перякинаның айтуынша, заңнамаға «әскерге дейінгі даярлық» ұғымы енгізіліп, АӘД оқытушыларына әскери қызмет өтілінің болуы жөнінде жаңа талап қойылған.
Оның сөзінше, сабақтар жаңартылған оқулықтар бойынша заманауи симуляторларды пайдалана отырып өткізілетін болады. Оқу бағдарламасына ұшқышсыз ұшу жүйелері, қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану негіздері, оқ-дәрілер, медициналық және психологиялық даярлық енгізілген.
Жиын бағдарламасы өзекті қауіп-қатерлер мен жастарды даярлаудың заманауи тәсілдерін ескере отырып жасалды. Оқытушыларға қазіргі қарулы қақтығыстарды жүргізу ерекшеліктері, тактикалық және атыс даярлығы, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану және оларға қарсы іс-қимыл тәсілдері, жергілікті жерде бағдарлау, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану, сондай-ақ тактикалық медицина элементтері таныстырылды.
Ұйымдастырушылар жастардың бойында жоғары азаматтық жауапкершілік, патриотизм және Отанды қорғауға дайындық қасиеттерін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Қорғаныс министрлігінде болашақ әскерге шақырылушыларды сапалы даярлау мемлекет, білім беру ұйымдары мен азаматтық қоғамның тығыз өзара іс-қимылы арқылы ғана мүмкін екені атап өтілді.


