Мектептер кітапхана қорын жаңартқысы келсе немесе аумағын абаттандырғысы келсе, сыныпты жаңа қондырғымен жабдықтағысы келсе, грант конкурсына қатыса алады.
ERNUR.KZ. «Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры» демеушілердің қолдауымен елдегі 30 ауыл мектебіне әлеуметтік грант бермекші, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры» жеке қорының төрағасы Ермек Мәжитов орталық коммуникациялар қызметінде осындай ақпарат берді.
«Биыл біз «Қазақстан мұғалімі» жобасы мен «Болашақ мұғалімі» жобасын біріктірдік. Осылайша елдегі 10 жоғары оқу орнымен жұмыс істей отырып, келер жылы диплом алып, мұғалімдік кәсібін бастайтын 100 үздік түлекті анықтадық. Жобаға «Болашақ мұғалімі» деген атау беріп отырмыз. Осылайша педагог мамандарды дайындайтын 10 жоғары оқу орнынан 10 үздік студентті да сыйлықтың марапаттау шарасына шақырылады», - деді қордың директоры.
Сондай-ақ, ол биылдан бастап «Samruk-Kazyna Trust» компаниясы «Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры» бас серіктесі болып бекітілгенін еске салды.
«Азаматтардың қолдау орталығының» қолдауымен биыл конукурсқа қатысушылар арасында 30 ауыл мектебі 1 млн теңге көлеміндегі шағын грант алады. Әсіресе әлеуметтік жобаларды іске асыратын ауыл мектептеріне басымдық беріледі. Мысалы, мектеп кітапхана қорын жаңартқысы келсе немесе аумағын абаттандырғысы келсе, сыныпты жаңа қондырғымен жабдықтағысы келсе, грант конкурсына қатыса алады.
Мұғалімдерді осы жобаға барынша белсенді қатысуға шақырамыз. Біз осы қолдаудың нәтижесінде біздің ұстаздар әлемнің үздік 50 мұғалімінің қатарына кірсе деп мақсат қойып отырмыз. Одан да сәтті болып жатса, алғашқы ондықтан көрініп, тіпті «Әлемнің үздік мұғалімі» атанғанын көргіміз келеді», - деген Ермек Мәжитов күндердің күнін «Әлем мұғалімі» халықаралық конкурсын Қазақстанда өткізу жоспарда бар екенін айтып қалды.
«Бұл сыйлықтың марапаттау шарасына меценаттар мен филантроптар қатысып, білім беру форумы өтеді. Конкурс алаңы мамандар пікір алмасатын ғаламдық ауқымдағы үлкен алаңға айналады», - деді ол сөз соңында.