50 балл жинай алмаған түлектер тамызда ҰБТ-ны қайта тапсыра алады

0
2 409

Министрлік ҰБТ-дан өтпей қалған 14 мың түлекке не істеу керек екенін айтты.


50 балл жинай алмаған түлектер тамызда ҰБТ-ны қайта тапсыра алады

ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындылары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ. sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан бойынша орташа балл – 83,1

Биыл ҰБТ республиканың 167 бекетінде өтті. Оның ішінде үшеуі – колледж базасында, 116-сы – мектеп және 48-і жоғары оқу орнында орналасты.

Жалпы 102 447 түлек ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Соның ішінде 77 224, яғни 75%-ы – қазақ тілінде, 25 177, яғни 25% - орыс тілінде болса, 46 бала ағылшын тілінде тапсыруды жоспарлаған.

"102 447 түлектің ішінен 98 698-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Шекті деңгейден өткендер саны 84 065 түлек, яғни 85%. Өкінішке қарай, 14 633 бала шекті балл жинай алмады. Орташа балл республика бойынша 83,1 балды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 80,5% болған еді. 9 баланың сынақ нәтижесі жойылды", - деп мәлімдеді Әлімқұлов Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ағылшын тілінде тапсыруға өтініш берген 46 түлектің тек 28-і ғана ҰБТ-ға қатысқан. Соның ішінде бесеуі – Астанадан, жетеуі – Атыраудан, алтауы – Шымкенттен және қалғандары басқа қалалардан.

ҰБТ-ны ағылшынша тапсырғандардың орташа балы – 84,5.

"Биыл ең жоғары 140 балды Шиара Құдайбергенова жинады. Ол Алматы қаласындағы мектептің түлегі. ҰБТ-ны Қазақ ұлттық аграрлық университетінде 25 маусымда тапсырды",- деді Әлімқұлов.

Сондай-ақ, оның ақпаратынша, биыл мүмкіндігі шектеулі 51 бала ҰБТ тапсырған.

Орталық директоры осы жылы ҰБТ тыныш өткенін атап өтті.

50 балл жинай алмағандар тамызда ҰБТ-ны қайта тапсыра алады

Рамазан Әлімқұлов шекті балл жинай алмаған 14 633 түлек тамыз айында ҰБТ-ны қайта тапсыра алатынын айтты. Ол үшін олар 25 шілде мен 3 тамыз аралығында екінші рет тапсыруға өтініш беруі керек. Ал ҰБТ 15-19 тамыз аралығында өтеді.

Тамыз айында да шекті деңгейден өтпей қалса, онда қыста қайтадан тапсыруға мүмкіндік бар.