Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған
ERNUR.KZ. Қазақстанда алимент туралы сөз болғанда, көпшілік бірден ата-ананың кәмелетке толмаған баласына төлейтін қаржылай көмегін елестетеді. Алайда заңда керісінше жағдай да қарастырылған. Кей жағдайда ата-аналар да ересек балаларынан алимент талап ете алады. Бұл қай жағдайда мүмкін? Stan.kz.
Заңгер Алина Шынтаева ересектердің балаларынан алимент талап етуі еліміздің сот тәжірибесінде соңғы жылдары жиі кездесіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, көп адам ата-ананың баладан алимент талап етуге құқығы барын білмейді, бірақ сотта мұндай істер қаралып жатыр.
"Мысалы, Қостанай облысында II топтағы мүгедек ана өз қызын сотқа беріп, ай сайын 40 айлық есептік көрсеткіш, яғни шамамен 173 мың теңге көлемінде алимент талап еткен жағдай болды. Әйел өзінің жәрдемақысы дәрі-дәрмекке, емге, азық-түлік пен коммуналдық шығындарға жетпейтінін айтқан. Бірақ қызы анасының кезінде ата-аналық міндетін дұрыс орындамағанын, алкогольді шамадан тыс пайдаланғанын айтып, талаппен келіспеген", – дейді Алина Шынтаева.
Заңгердің айтуынша, бұл істе сот екі тараптың да уәжін қараған. Бір жағынан анасының ауыр науқасы мен мұқтаждығы, екінші жағынан баланың бала күніндегі жағдайы ескерілген.
"Сот “анасы айтты екен” деп бірден 173 мың теңгені өндіріп бермейді. Баланың табысына, жасына, материалдық жағдайына қарайды. Осылайша, сот ата-ананың сұраған сомасына емес, баланың нақты мүмкіндігіне сүйеніп шешім қабылдаған", – дейді заңгер.
Бұдан бөлек, Алина Шынтаеваның сөзінше, балаларынан алимент өндіріп алған ата-аналар да бар. Соның бірі Ақтөбеде қаралған іс.
"Ақтөбе қаласында 92 жастағы батыр ана 8 баласын сотқа беріп, алимент өндіріп алған жағдай болды. Анасы денсаулығына байланысты көмекке мұқтаж екенін айтып, сотқа жүгінген. Ол кезде анасына тек кіші қызы қарап жүргені анықталған. Қалған балалар “көмектесіп жүрміз” дегенімен, оны дәлелдей алмаған", – дейді заңгер.
Сот барысында кейуананың кейбір балалары көп жылдан бері анасымен араласпай кеткені де айтылған.
"Бұл істе де сот барлық жағдайды қараған. Анасына нақты кім қарап жүргенін, кімнің көмектескенін зерттеген. Осылайша, сот төрт баласынан алимент өндіру туралы шешім шығарған. Ал қалған төртеуі зейнет жасындағы адамдар болғандықтан, оларға мұндай міндет жүктелмеген", – дейді Алина Шынтаева.


