Абай облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы ауқымды акциялар өтті

0
107

Акцияға шамамен 400 адам қатысты, 13 арнайы техника жұмылдырылып, 75 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.


Абай облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы ауқымды акциялар өтті

ERNUR.KZ. Абай облысының бірнеше ауданында бір мезгілде экологиялық акциялар басталып, мыңдаған белсенділерді, қоғам өкілдерін, жастарды, мәдениет саласы қызметкерлерін біріктірді. Абай ауданында бұл бастамаға мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен жастар қосылды. Қарауыл ауылында Қарауыл төбе мен оған іргелес аумақтар тазартылып, ауылдық округтердің көшелері мен аумақтары жинастырылды, деп хабарлайды өңір әкімдігі.

Акцияға шамамен 400 адам қатысты, 13 арнайы техника жұмылдырылып, 75 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

– Біз, жастар, бұл акцияны толық қолдаймыз. Мұндай шаралар қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырып, туған жерге деген сүйіспеншілікті тереңдете түседі. Бірлігіміз бен белсенділігіміз арқылы табиғатты қорғауға және көркейтуге бар күшімізді салуға дайынбыз, – деді белсенді Ерзат Қайратұлы.

Аягөз ауданында «Саябақтар шеруі» экологиялық акциясына 50-ден астам жас қатысты. Олар «Құттыбай би», «Абай», «Алтын адам», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ардагерлер» саябақтарын тазалап, 150-ден астам қап қоқыс жинап, жалпы 3,9 гектар аумақты қамтыды.

– Тазалық пен тәртіп – кез келген өңірдің табысты дамуының кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатындағы бұл игі бастама аудан тұрғындарының күш-жігерін біріктіруге бағытталған. Тазалық әрқайсымыздан басталады. Өскелең ұрпаққа үлгі болатын осындай ауқымды шараларды қолдау – бәріміздің ортақ міндетіміз, – деді Аягөз аудандық мәслихатының депутаты Айдар Нәдірбай.

Сондай-ақ, Мақаншы ауданындағы Алакөл жағалауында да ауқымды сенбілік өтті. Бұл акцияға 150 адам қатысты. Тазалық жұмыстарына екі техника тартылды. Нәтижесінде 7,5 тонна тұрмыстық қатты қалдық полигондарға шығарылды.