​Абай облысында жаңа жылу орталығы салынады 04.11.2024 _ 14:50 Жаңалықтар

0
239

Облыс бойынша 18,5 млрд теңгеге 28 жоба іске асырылуда.


​Абай облысында жаңа жылу орталығы салынады  04.11.2024 _ 14:50 Жаңалықтар

ERNUR.KZ. Абай өңірінде инфрақұрылымдық сипаттағы мәселелерді шешуге ерекше назар аударылады. Ең маңызды мәселе – жылумен жабдықтау.

Өңір басшысы Нұрлан Ұранхаевтың ОКҚ брифингінде хабарлағандай, облыс бойынша 18,5 млрд теңгеге 28 жоба іске асырылуда. Биыл республикалық және облыстық бюджеттен 9,2 млрд теңге бөлініп, 27,5 шақырым жылу желісі мен 17 жылу көзі жөнделді. Нәтижесінде, жылу желілерінің тозу көрсеткіші 64%-дан 59%-ға дейін төмендеді. Келер жылғы жұмыстар нәтижесінде бұл көрсеткішті 57%-ға дейін азайту көзделуде.

Бұдан бөлек, былтырдан бері, жеке инвесторлар есебінен 7 жылу көзі мен 3 жылу желісін қайта құру мен салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Биыл осы үрдіс жалғасып, бюджеттен тыс қаржы есебінен 32 жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Осылайша, жалпы жиыны 42 жобаны іске асыру көзделген. Жалпы, инвесторлар көмегімен 77 жобаны іске асыру жоспарлануда.
«Семей қаласының оң жағалауында 146,99 Гкал жылу энергиясының тапшылығы бар. Бұл мәселені шешу үшін Президент тапсырмасымен жаңа жылу электр орталығын салу туралы тапсырма бар. Әкімдік, «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы мен жобалаушыны қатыстыра отырып, жедел жұмыс тобын құрды. Құрылыс алаңы мен күл үйіндісін жинақтау орны анықталды. Қазір «Самұрық-Энерго» техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді аяқтауда. Сонымен қатар бюджеттен тыс қаржы есебінен барлық қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым мен «3-ші ЖЭО-ның» сыртқы инфрақұрылымын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жүргізілуде»,-деді облыс әкімі.
Сондай-ақ «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы қуаты 294 МВт «Семей ГЭС» құрылысының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін және қуаты 1050 МВт-қа ұлғайта отырып, «Шүлбі ГЭС-ін» қайта құрудың екінші кезегін әзірлеу бойынша жұмысты аяқтады. Биыл жылу тапшылығын азайтып, Қарағайлыдағы әлеуметтік нысандарды уақтылы іске қосу үшін, жеке инвестор есебінен, қуаты 21,5 Гкал/сағ. болатын блокты-модульді қазандық құрылысы аяқталады.
Абай өңірінде халықты сумен қамту бағытында 8,6 млрд теңгенің 53 жобасы іске асуда. Халықты 2025 жылға дейін орталықтандырылған сумен 100% қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасына сәйкес 46 жаңа құрылыс жобасын іске асыру жоспарда бар.
«Биыл 33 жоба іске асырылуда, оның 8-і аяқталды. Нәтижесінде, облыста орталықтанған сумен қамту үлесі 92%-дан 96,6%-ға дейін ұлғаяды. Келер жылы 100% көрсеткішке қол жеткізу үшін тағы 13 жоба іске асыратын боламыз», – деді Н.Ұранхаев.
Сонымен қатар Кешенді жоспарда 2023-2025 - жылдары Семейде қоқыс сұрыптау желісін орнату үшін заманауи қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу көзделген. Бүгінгі таңда инвесторлар есебінен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама алынды. Көлік инфрақұрылымы саласында Семейде төрт жолақты жаңа көпір салу жобасы іске асуда. 2022 жылдан бері республикалық бюджеттен 15,7 млрд теңге бөлінді. 2025 жылғы бюджет жобасында тағы 8,5 млрд теңге қарастырылған.