Абай облысындағы дала өртін сөндіру барысында құтқарушы қаза тапты

0
482

Оның артында әйелі мен 5 баласы қалды.


Абай облысындағы дала өртін сөндіру барысында құтқарушы қаза тапты

ERNUR.KZ. Төтенше жағдайлар министрлігі Айдос Тоғызбаевтың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты, деп жазады exk.kz.

2022 жылдың 7 қыркүйегінде 13:35 минутта 112 кезекші пультіне Абай облысы Жарма ауданының Бозжыра ауылдық округі Бірінші ауылының учаскесінде құрғақ шөп жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақыру орнына №22 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жіберілді.

Табиғи өртті сөндіру кезінде өрт сөндіру автоцистернасы Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының өрт сөндіруге су жеткізетін КАМАЗ (12 текше метр) су алды. Осы кезде жел бағытының өзгеруі салдарынан өрт автоцистернаға қарай аумақты шарпыды. Техникаға арналған эвакуациялау жолдары барлық жағынан отқа оранып, биіктігі екі метр қараған ағашы өртеніп кетеді.

Оқиға салдарынан өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Амангелді Тұрлыбеков пен өрт сөндіру бекетінің жүргізуші-қызметкері Айдос Тоғызбаев, өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрлан Салимжан түрлі дәрежедегі күйік алып, Жарма ауданы Шар қалалық ауруханасына жатқызылды.

Айдос қатты күйік алып, жарақатынан ауруханада көз жұмды. Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлық ерлігі үшін азаматтық қорғау сержанты Айдос Ерұланұлы Тоғызбаев қаза тапқаннан кейін ІІІ дәрежелі "Айбын" мемлекеттік наградасына ұсынылды. Айдос 36 жаста еді. Азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдан бастап қызмет еткен. Оның артында әйелі мен 5 баласы қалды.

Ал өрт аумағы 500 гектарға жетті, өрт 8 қыркүйекте сағат 5.40-та сөндірілді. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамынан 14 адам мен 5 бірлік техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Сондай-ақ облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы екі тәуілікте Абай облысында дала өрті тіркеліп жатыр. Мәселен бірінші ақпарат Аягөз ауданының Баршатас ауылынан келсе, екіншісі Абай ауданы Көкбай ауылынан келген. Екі жерде де ауыл маңындағы шөп өртенуде.