Кенжардағы газ концентрациясы 90%-тен жоғары көрсеткіште болған.
"Арселор Миттал Теміртау” компаниясының “Абай”шахтасындағы екі қызметкеріне соңғы апат кезінде батылдық танытып, құрбандар санының аз болуына септігін тигізгені үшін автокөліктер табысталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.
2021 жылдың 7 қарашасында газ аппаратурасы диспетчері міндетін атқарушы Наталья Денищук шахтадағы жұмыс ауысымында болған. Оның негізгі міндеті датчиктерден келетін бақылау сигналдарын қадағалау. Сигнал жасыл түстен сарыға айналып жер астындағы участкеде метан концентрациясының жоғарылағанын көрсеткен. Қызметкер жағдайдың алдын алып, бірден электр қуатын өшірген.
“Өте қорқынышты болды. Тез шешім қабылдауға тура келді. Ойланатын уақыт болмады. Қызметкерлерден ешкім жауап бермеді. Қаза тапқандар жайлы естігенде қатты қайғырдым. Ұшқын қалған жағдайда үлкен газ жарылысы болатын еді”,- дейді Наталья.
Кенжардағы газ концентрациясы 90%-тен жоғары көрсеткіште болған. Шамадан тыс газ бен көмірдің атқылауынан 6 адам көз жұмған. Махаммадисмаил Мадмаров осындай қиын сәтте екі қызметкерді апат орынынан проектрге алып шығуға көмектескен. Салдарынан өзі де метанға тұншыққандықтан қазір денсаулығына байланысты ем алуда.
“Ол жақта қатты бас ауру белгілері сезілді. Алайда газдың соншалықты пайызда екенін ойламаппын. Өзімнің әріптестерім мен достарыма көмек қажет шығар деп қолымнан келгенінше жәрдемдесуге тырыстым”, - дейді “Абай” шахтасының ерлік танытқан тағы бір қызметкері Махаммадисмаил Мадмаров.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы екі қызметкерге де батылдықтары мен кәсіби шеберліктері үшін алғыс айтып, көлік табыстады.