Жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында 32 орман өрті тіркелген.
Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда жазда аптап ыстық болады, ал орман шаруашылығында адамдар мен техника жетіспейді. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.
"Қазгидрометтің болжамы бойынша биылғы жаз өте ыстық болады. Облыс әкімдіктері ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша барлық шараны қабылдауы қажет", - деді министр.
Жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында 32 орман өрті тіркелген. Министрдің айтуынша, күштер мен құралдарды толық жауынгерлік әзірлікке келтіру және мемлекеттік орман қоры аумағында ірі орман өрттерін болдырмау жұмыстары басталған. Министр бөлінген қаржы қажеттілікті толық жаппайтынын мәлімдеді және Үкімет басшысына көмек сұрап жүгінді.
"Құрметті Олжас Абайұлы, осы маңызды мәселені шешуге көмек сұраймын (қосымша 11 миллиард теңге қажет - еск.)", - деді министр.
Нысанбаевтың сөзінше, өрт сөндіру техникасының 75-і жарамсыз, ал 314 көліктен 132-сі есептен шығарылуы керек, бұл - барлық автопарктің 42 пайызы.
Сонымен қатар, ол орман күзетінің жеке құрамы жетіспейтінін мәлімдеді.
"Былтырғыдай бұл - өзекті мәселе. Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы орман күзетінің санын нормативке жеткізу мәселесі шешілген жоқ", - деді министр.