2028 жылға дейін әйелдер 61 жаста зейнетке шығады.
ERNUR.KZ. Мәжіліс Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділдікті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру үшін бірқатар өзгерістерді мақұлдады, деп жазады inbusiness.kz.
Онда зейнеткерлікке қатысты мынадай өзгерістер енгізілді:
1) ең төмен базалық зейнетақы мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейінен – 70%-ға дейін, ең жоғары базалық зейнетақы мөлшерін 120%-ға дейін дәйекті түрде жеткізу;
2) әйелдер үшін зейнеткерлікке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітіп беру;
3) жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегін 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 55 еселенгенге дейін ұлғайту;
Әлеуметтеттік төлемдер бойынша да өзгеріс енгізу көзделген. Оған сәйкес, ең төмен жалақының өсуіне байланысты әлеуметтік төлемдер мөлшерін азайтуды болдырмау мақсатында еңбекке қабілеттілігінен айырылған, сондай-ақ асыраушысынан айырылған жағдайда ай сайынғы әлеуметтік төлемнен шегерім мөлшерін ең төмен жалақы мөлшерінен 55-тен 50 пайызға дейін азайту, сондай-ақ жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді есептеу үшін ауыстыру коэффициентін (0,4-тен 0,45-ке дейін) түзету қарастырылған;
Бала күтімі бойынша төлемдерді тағайындау кезеңінің ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайту да заңмен бекітілді.