Есепшот салық есебін тапсырғаннан кейін ғана бұғаттан шығарылады.
Фото: Мой Город
ERNUR.KZ. Орал қаласында мектеп оқушысының банк есепшоты салық декларациясын уақытында тапсырмағаны үшін бұғатталды. Шығыс операцияларын тоқтату туралы бұйрықта дәл осы себеп көрсетілген, деп жазады stan.kz.
10 жасар баланың әкесінің айтуынша, есепшотқа шектеуді Орал қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы қойған.
“Кеше балам тәтті алуға дүкенге жүгіріп барған, бірақ төлем жасай алмады. Мәселенің мәнісін анықтай бастағанда, есепшоттың бұғатталғаны белгілі болды. Қолымызда бұйрықтың нөмірі де бар. Шотқа шектеуді Орал қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы қойған. Бұған қоса, шектеу туралы құжатта кеңес алу үшін көрсетілген байланыс нөмірлері бар. Сағат 9:00-де сол нөмірлерге қоңырау шалғанымызбен, ешкім жауап бермеді”, – деді баланың әкесі.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті бұл жағдайға түсініктеме берді.
“Шот баланың әкесіне тіркелген. Ал ол екінші жартыжылдық бойынша салық декларациясын уақытында тапсырмаған”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, есепшот салық есебін тапсырғаннан кейін ғана бұғаттан шығарылады