Ақмола облысында 14 жастағы қызды өлтірген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды

0
103

Қылмыс жасаған 35 жастағы ер адам оқиға орнынан бой тасаламақ болғанымен, полицейлер оны бір тәулікке жетпей ұстады.


Ақмола облысында 14 жастағы қызды өлтірген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Фото: Freepik

ERNUR.KZ. Ақмола облысының Целиноград ауданында 14 жастағы қызды өлтіргені үшін сотталған ер адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді, деп жазады inform.kz.

Еске салайық, былтыр қараша айында Целиноград ауданының Ынтымақ ауылында 14 жастағы қыздың өлтірілгені белгілі болған еді.

Қылмыс жасаған 35 жастағы ер адам оқиға орнынан бой тасаламақ болғанымен, полицейлер оны бір тәулікке жетпей ұстады. Тергеу Ақмола облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында болды.

Өткен аптада күдіктіге қатысты сот үкімі шықты. Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі іс кәмелетке толмаған баланың жыныстық қол сұғылмаушылығына қатысты болғандықтан, оның мән-жайын жариялаудан бас тартты.

Сотталушыға Қылмыстық кодекстің төрт бірдей бабы бойынша айып тағылды. Атап айтқанда:
· 120-баптың 4-бөлігі – кәмелетке толмаған адамды зорлау;
· 122-баптың 4-бөлігінің 1-тармағы – он алты жасқа толмаған адаммен бірнеше рет жыныстық қатынасқа түсу немесе өзге де сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасау;
· 115-1-бап – сталкинг;
· 99-баптың 2-бөлігінің 14-тармағы – кәмелетке толмаған адамды қасақана өлтіру.

– ҚР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы В.-ға түпкілікті жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 50-бабының 2-бөлігіне сәйкес, оған өмір бойына педагогикалық қызметпен айналысуға және кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды, – делінген сот үкімінде.