Соңғы бес айдың ішінде өңірде 111 адам өкпе дертіне шалдыққан.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Ақмола облысында туберкулез дерті өршіп тұр. Соңғы бес айдың ішінде өңірде 111 адам өкпе құртына шалдыққан. Өкінішке қарай, ауруы асқынған төрт адам көз жұмды. Олардың екеуі – Ақкөл мен Сандықтау аудандарынан, қалған екеуі – Көкшетау қаласының тұрғындары, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Қауіпті дерт қай өңірлерде жиі кездеседі?
Мамандардың айтуынша, туберкулез ауруы әсіресе мына аудандарда жиі тіркеліп отыр:
- Ақкөл;
- Бұланды;
- Бурабай;
- Біржан сал;
- Ерейментау;
- Есіл;
- Жақсы.
Бұл өңірлерде жұқпалы дертке шалдығу деңгейі алаңдатарлық күйде.
Аурудың көбею себебі – немқұрайлылық
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Жанаргүл Есімжанованың айтуынша, туберкулездің таралуына ең басты себеп – тұрғындардың өз денсаулығына салғырт қарауы.
«Адамдар медициналық көмекті уақытында іздемейді. Флюорографиядан дер кезінде өтпейді. Сондай-ақ төмен күнкөріс деңгейі, басқа аурулардың қатар жүруі де туберкулездің жұғуына себеп болады», – дейді маман.
Мамандар не ұсынады?
Дәрігерлер жыл сайын профилактикалық шаралар жүргізіп, тұрғындарды салауатты өмір салтына көшуге шақырып келеді. Уақытында флюорографиялық тексеруден өту, иммунитетті күшейту, және дәрігер кеңесіне құлақ асу – дерттің алдын алудың ең тиімді жолдары екенін ескертеді.