Соқтығыс салдарынан борттағы жеті адамның барлығы суға құлап, түрлі жарақат алған.
Фото: pexels
ERNUR.KZ. Ақтауда Каспий теңізінде катердің апатқа ұшырауына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп жазады inform.kz.
Соқтығыс салдарынан борттағы жеті адамның барлығы суға құлап, түрлі жарақат алған. Іздеу-құтқару жұмыстарының жүргізілуіне қараңғы уақыт кедергі келтірген. Кейін суға батқан катер теңіз түбінен табылған.
Құтқарушылар бес адамды аз уақыт ішінде судан алып шыққан. Алайда қалған екі адамды іздеу жұмыстары ұзаққа созылды. Олар кейін жағадан шамамен 500 метр жерден табылған. Екеуінің де құтқару кеудешесін кимегені анықталды.
Соңғы адам судан түнгі сағат 02:34–те шығарылған. Өкінішке қарай, екі адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Оқиғадан кейін Ақтауда теңізде серуен ұйымдастыратын кәсіпкерлер әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме жасап, қаза болғандардың жақындарына көңіл айтты. Олардың айтуынша, апатқа ұшыраған катер коммерциялық мақсатта пайдаланылатын экскурсиялық немесе жалға берілетін кеме болмаған.
— Бұл катердің бізге еш қатысы жоқ. Бұл қонақтар мен туристерге жалға беретін серуендеу катері емес. Катердегі адамдар — туыстар, бір отбасы. Менің түсінуімше, олар катерді суға түсіріп, өздері үшін серуендеп қайтпақ болған. Коммерциялық мақсатта пайдаланбаған. Өкінішке қарай, катер иесі де осы апаттан қаза тапты. Теңіз қателікті кешірмейді. Әртүрлі қауесетке сенбеу керек. Бұл жалға алынған емес, өздерінің жеке катері, — деді кәсіпкер.
Құтқарушылар тұрғындарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және міндетті түрде құтқару кеудешесін киюге шақырды.


