Ақтауда екі жігіт Каспий теңізіне батып кетті

0
88

​Оларды құтқару үшін ТЖД-ның 5 қызметкері жұмылдырылды.


Ақтауда екі жігіт Каспий теңізіне батып кетті

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желілерде Ақтау маңындағы Көк шығанақ аумағында екі адамның қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Қайғылы оқиға туралы мәліметті өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті растады, деп жазады azattyq-ruhy.kz/.

Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерлан Сұлтанмұратовтың айтуынша, қайғылы оқиға 26 маусым күні сағат 20:40 шамасында Ақтаудан 64 шақырым жерде орналасқан Түпқараған ауданындағы Көк шығанақта болған.

Іздестіру-құтқару жұмысы барысында құтқарушылар теңізден 2001 жылы туған екі жігіттің мәйітін тауып, жағаға шығарды.

Алдын ала мәлімет бойынша, олар шомылуға тыйым салынған жерде суға түсемін деп батып кеткен. Іздестіру-құтқару жұмысына Төтенше жағдайлар департаментінің 5 қызметкері, 8 құтқарушы, 4 арнайы техника және 2 жүзу құралы жұмылдырылды.

Өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен өңір қонақтарына судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңызын тағы да еске салды.

Мамандардың айтуынша, тек арнайы жабдықталған әрі шомылуға рұқсат етілген орындарда ғана суға түсу керек. Сондай-ақ теңіз қатты толқып тұрған кезде суға кірмеу және балаларды қараусыз қалдырмау қажет.

«Азаматтарды өз өмірі мен жақындарының өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз», – деді құтқарушылар.