"Ақтөбе – Алматы" пойызында жолаушы қайтыс болды

0
102

Куәгердің айтуынша, вагонда медициналық алғашқы көмек көрсететін заттар болмаған.


фото: Пресс-служба "Казахстан Темир Жолы"

ERNUR.KZ. "Алматы - Ақтөбе" бағытындағы жолаушылар пойызында ер адам қайтыс болды, деп жазады sputnik.kz.
Оқиға пойыз құрамының 12-ші вагонында болған. Бұл туралы әлеуметтік желіде куәгер болған жолаушылардың бірі жазды.
"Алға қаласына келгенде ұйқымнан тұрып беті қолымды жумақшы болған едім, бір аға қан қысымы көтеріліп құлады. Әйелінің жан дауысы шықты. Басқалармен бірге мен де жүгіріп бардым. Ағаны жатқызған, қасында екі қыз қолдарын уқалап тұр. Мен бірден ағаның сол аяғын қайта-қайта көтеріп жатқанын байқап, инсульт алды-ау деп сол аяғын отыра кетіп уқаладым. 103 шақырылған, бірақ Ақтөбе қаласынан күтеді екен", - дейді жолаушы.
Оқиға болған вагонға келген полиция купені босатуды сұраған.
Куәгердің айтуынша, вагонда медициналық алғашқы көмек көрсететін заттар болмаған.
"Айта кететін дүние вагонда ешқандай алғашқы көмекке қажетті заттар болмады. Тіпті тонометр болмады. Жол жүретін адамдарға денсаулығына байланысты көмек көрсетілетін дүниелер жоқ секілді", - деп жазды куәгер болған жолаушы.
Айта кетейік, қайғылы жағдай 27 сәуірде болған.
"№033 жолаушылар пойызының "Алматы – Ақтөбе" қатынасымен жүру жолында 1966 жылы туған жолаушының жағдайы күрт нашарлаған. Пойыз бастығы дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел медициналық көмек бригадасын шақыруды жедел ұйымдастырды. Келген медицина қызметкерлері жолаушының қайтыс болғанын айтты. "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамы туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады", - дейді компания.
Темір жол басшылығының айтуынша, талаптарға сәйкес әрбір вагон әмбебап медициналық қобдишамен жабдықталған.