Оқиға 3 наурыз күні Алға ауданындағы Тамды орта мектебінде болған.
Ulysmedia.kz коллажы
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында 2-сынып оқушысы Аделья Сағындықова мектеп ішінде баспалдақтан құлап, миы шайқалды. Екі апта ауруханада емделген оқушының анасы қызыма толық тексеріс жасалмады деп көмек сұрайды, деп жазады ulysmedia.kz.
Оқиға 3 наурыз күні Алға ауданындағы Тамды орта мектебінде болды. Денешынықтыру сабағы кезінде Аделья Сағындықова дәретханаға сұранып шығады. Баспалдақтың жиегімен сырғанамақ болған сәтте құлап кеткен.
8 жастағы қыз бала сабақ кезінде жабық бас-ми жарақатын алды. Анасының айтуынша, бала екінші қабаттан 0-қабаттың баспалдағына, шамамен 3,5 метр биіктіктен құлаған.
- Оқиға орнында болған мұғалім баланы жетектеп, медициналық пунктке апарған. Сол жерде мойнының астында қанаған жарақаты таңылып, кейін қайтадан сыныпқа жібереді. Жедел жәрдем шақырылмаған. Жоғарыдан құлағанын ешкім білмейді. Бәрі сол кезде аяғы тайып құлады деп ойлаған. Сыныпта қызымның жүрегі айнып, құсып, есінен тана бастайды. Мектепте мұғалім болып істейтін әкесі баланы көтеріп, ауруханаға өзі апарды. Ешкім жедел жәрдем шақырған жоқ. Мектеп оқиға бойынша акт толтырмаған. Біз өзіміз апардық. Алғашында бәріміз де жай құлап қалды деп ойладық. Кейін камерадан қарағанда осындай оқиғаны көрдік, – деді анасы Еркеназ Молдабекова.
Аудандық ауруханада балаға рентген жасалып, миы шайқалғаны анықталды. Кейін ата-анасы оны өз көліктерімен облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Анасының айтуынша, алғашқы күні толық тексеріс жүргізілмеген.
- Таныстар арқылы көмек сұрағаннан кейін ғана дәрігерлер назар аударды. Қызым сол күні екі рет қан құсты. Бізді толық ем алмай, өткір кезеңде ауруханадан шығарып жіберді. Біз ұстазбыз, күйеуім де, мен де сол мектепте мұғалімбіз. Бірақ ең алдымен ата-анамыз. Қызымыз сабақ уақытында жарақат алды. Бір айдан бері ешкім кешірім сұрамады. Баламды емдету үшін 2 айлық жалақымды ерте беруді сұрап, өтініш айттым. Ешкім тыңдамады. Баламды толық тексеріп берсін. Әркім өз жауапкершілігін алсын, - деді анасы.
Ал денсаулық сақтау басқармасы оқушыға толық ем көрсетілгенін баяндайды.
- Бала 2026 жылдың 3-17 наурыз аралығында көпсалалы облыстық балалар ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінде стационарлық ем қабылдады. Жабық бас-ми жарақаты, сол жақ шүйде сүйегінің сызықтық сынуы, маңдай, төбе және шүйде бөліктерінде көп ошақты контузиялық қан құйылулар бар. Ауыр дәрежедегі бас миының соғылуы болған. Ауруханада зертханалық және инструменталды зерттеулер жүргізілді. Бала хирург, травматолог, жақ-бет хирургының кеңесін алды, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Қазіргі таңда баланың жағдайы қалыпты болғанымен, анасы омыртқасына алаңдаулы. Себебі, бейнежазбада баланың баспалдақ қырына омыртқасымен құлағаны көрінеді.
- Оқушы 3 наурыз күні сағат 17:00-де екінші қабаттың баспалдағына келеді. Сол жерде баспалдақ қоршауына мініп, сырғанамақшы болады. Сол сәтте қолы тайып, төмен қарай ауып кеткен. Құлаған баланы педагогтар бірден мектеп медбикесіне апарады. Алғашқы көмек көрсетіледі. Баланы әкесі аудандық ауруханаға алып кетті. Мектеп директорының орынбасарлары, кезекші педагог ауруханаға еріп барды. Ата- анасы мектепке ешқандай шағым келтірмеді. Баланың жағдайы қазір жақсы. Ата-анасымен үнемі байланыста отырмыз, - деп хабарлады Алға аудандық білім бөлімі.


