Алакөлде құлаған дельтаплан Қазақстанда тіркелмеген болып шықты

0
464

Оқиға Ақши ауылында болған.


Алакөлде құлаған дельтаплан Қазақстанда тіркелмеген болып шықты

ERNUR.KZ. Алакөлде құлаған жеңіл ұшақ Қазақстанда тіркелмеген болып шықты. Дәрігерлер ұшақта болған екі адамның жағдайы ауыр деп мәлімдеді, деп жазады stan.kz.

Оқиға Ақши ауылында болған. Әуеге көтерілген гидроплан кенет төменге құлап, аударылып суға құлаған. Оның ішінде екі адам болған.

Алакөлде дельтаплан, гидропланмен демалушыларды әуемен 10 минутқа ұшып келу – шамамен 45 мың теңге.

Апатқа ұшыраған жеңіл ұшақ ел аумағында тіркелмеген болып шықты. Ең сорақысы, ұшқыштың лицензиясы болмаған, біліктілік мерзімі 2022 жылы өтіп кеткен екен. Демек екі жылдан бері оның әуе көлігін басқаруға құқығы жоқ.

“Ешкім рұқсат берген жоқ. Себебі 2022 жылы соңғы біліктілігі біткен, одан кейін ол кісілер заңсыз ұшқан. Барлық материалдармен қазір құзырлы орган айналысып жатыр. Біз өз шеңберімізде барлық ақпаратты құзырлы органға беріп жатырмыз”, – деді “Қазақстанның авиациялық әкімшілігі” АҚ лицензиялау басқармасының аға авиациялық инспекторы Есенгелді Нұрдәулет.

Азаматтық авиация комитеті мамандары қазір оқиғаның жай-жапсары тексеріліп жатқанын жеткізді. Ал дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы ауыр дейді. Олар Үшаралдағы ауруханаға жатқызылған. Көмекке Талдықорғаннан нейрохирург пен травматолог жеткен. 40 жастағы келіншектің миы шайқалып, бет сүйектері сынған. 44 жастағы ер адам да басынан қатты соққы алған.

"Зардап шеккендердің жағдайы ауыр, клиникалық-диагностикалық зерттеулер жүргізіліп, шокқа қарсы ем тағайындалды. Екі азамат та дәрігерлер бақылауында, медициналық көмек толық көрсетіліп жатыр”, – деп мәлімдеді Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Осы жайттан кейін демалыс орнында авиациялық қызмет көрсететін кәсіпкерлер жаппай тексерілуі мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін екі адам Алакөлге дельтапланнан құлап, зардап шеккені туралы жазған едік.