Сынақ өрт зертханасының мамандары өрттің себебін анықтап жатыр.
ERNUR.KZ. Абай облысындағы Алакөл көлінің жағасында болған ірі өрт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп жазады Sputnik.kz.
"Сынақ өрт зертханасының мамандары өрттің себебін анықтап жатыр. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сараптама тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша процессуалды шешім қабылданады", - деп хабарлады ШҚО ТЖ департаменті желідегі парақшасында.
ТЖД ақпаратынша, Алакөл көлінің жағасында мына нысандар отқа оранған:
Керуен демалыс базасында – 2 корпус, 1 кір жуатын орын, 7 коттедж;
Әйгерім базасында – 4 үй;
Жібек жолы базасы аумағында – 1 үй, 1 монша, 1 дәретхана;
Әлихан базасында – 8 корпус, 1 асхана.
5 шілде таңертең Алакөл көлінің жағасында ірі өрт шыққаны хабарланды. Өрттен 4 демалыс орны зиян шеккен. Тілсіз жау "Керуен" демалыс базасынан басталған. ТЖ салдарынан жеті адам медициналық көмекке жүгінді.
Алдын ала мәлімет бойынша жалын 3000 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт сөндіру жұмыстарын жылдамдығы 10 м/с-қа дейін жеткен жел қиындатты. Өрт бір ағаш үйден екіншісіне жылдам өтіп отырған.