Алдағы оқу жылынан бастап 1-сынып тек қазақ тілін оқиды

0
635

Чокушева бастауыш білім беру жүйесіндегі тілдерді оқыту мен толықтырулар туралы айтты.


Алдағы оқу жылынан бастап 1-сынып тек қазақ тілін оқиды

ERNUR.KZ. Бұл туралы Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Әлия Чокушева 2022-2023 оқу жылында білім беру үдерісін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы дөңгелек үстел барысында айтты, деп жазады baq.kz.

"Біздегі кез келген зерттеу міндетті түрде әлемдік тәжірибеге негізделеді. Жаңа оқу жылындада біз әлемдік тәжірибе мен академияның ғылыми қызметкерлерінің пікірін ескердік. Дәл сондай зерттеу бізде көктемде өтті. Оның қорытындысын ескере келе біз Оқу-ағарту министрлігіне бірқатар өзгерісті ұсындық",- деді ол.

Чокушева бастауыш білім беру жүйесіндегі тілдерді оқыту мен толықтырулар туралы айтты.

"Зерттеу мен талдаудың нәтижесі көрсеткендей, 1-сынып оқушысына бірден үш тілді меңгеру өте қиын. Оның нәтижесін көріп отырмыз. Ғылымдағы зерттеулер де оның тиімсіздігін дәлелдеп отыр. Сондықтан қазақ тілде оқытатын мектептерде 1-сыныпта баланы тек бір тілді-қазақ тілін оқытуды маңызды деп есептедік. Алдағы оқу жылында оқыту қазақ тілінде жүргізілетін сыныптардың орыс және ағылшын, ал орыс тілі жүргізілетін сыныптарда ағылшын тілінің сағаттары басқа пәндерге беріледі",- деді ол.

Чокушеваның айтуынша, оқыту қазақ тіліндегі мектепте 1-сынып тек қазақ тілін оқиды.

"Министрлік бұл шешімді ғылыми зерттеулер мен әлемдік ғылымды зерделеу нәтижесінде қабылдады. 2-сыныпта орыс тілі, 3-сыныпта ағылшын тілі қосылады. Орыс тілінде оқытатын мектептерде 1-сыныпта орыс және мемлекеттік тіл, 3-сыныпта ағылшын енеді. Яғни, кезең-кезеңмен енгізіледі",- деді ол.

Чокушева қазақ және орыс тілінде оқытатын мектептерде ағылшын тілі 2023-2024 жылдары енгізілетінін айтты.