ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осындай мәлімет айтты.
ERNUR.KZ. Жыл басынан бері елімізде бала туу көрсеткіші артып, ана өлімі азайған, деп жазады ҚазАқпарат.
ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осындай мәлімет айтты.
«Коронавирус инфекциясының ұзаққа созылған пандемиясына қарамастан, басым медициналық-демографиялық көрсеткіштерді жақсартуға қол жеткізілді. Биыл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бала туу көрсеткіші 6,94% артты. 2021 жылғы 8 айда ана өлімінің көрсеткіші 10,7% төмендеп, 100 мың нәрестеге шаққанда 41,7 қайғылы жағдай болды. 2020 жылғы ұқсас кезеңде бұл көрсеткіш 46,7 болған. Қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткіші 5,7% төмендеді», - деді вдомство басшысы.
Министрдің айтуынша, жыл басынан бері шұғыл көмек қажет болған науқастарды орталыққа жеткізу үшін авиациялық медицина 1300-ден астам сапар жасаған.
«2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар бойынша онкологиялық қызметті дамыту аясында 2020 жылы Маңғыстау облысында жаңа онкологиялық орталық пайдалануға берілді, Өскемендегі облыстық онкология және хирургия орталығында жоғары технологиялық желілік үдеткіш орнатылды.
Биыл еліміз Орталық Азиядағы алғашқылардың бірі болып орталық жүйке жүйесі ауруларын тіліксіз емдейтін радиохирургиялық гамма-пышақ орталығын ашты. Онкологиялық ауруларды емдеуге арналған препараттар тізімі кеңейтілді. Бүгін республикада жүрекке 100 мыңға жуық ота жасалды», - деді Алексей Цой.