Алматы әкімдігі шетелдегі әуежайлар мен метро станцияларына жарнама ілу үшін 257 млн теңге жұмсаған

0
725

Ал, 2021 жылы әкімдіктің жұмысын БАҚ-та насихаттау үшін 3,7 млрд теңге бөлген.


Алматы әкімдігі шетелдегі әуежайлар мен метро станцияларына жарнама ілу үшін 257 млн теңге жұмсаған

ERNUR.KZ. Алматы қаласының әкімдігі имидж жолында мемлекет қаражатын жұмсауды тоқтатар емес. Жуырда ғана сырттан келген блогерлерге 28,6 миллион теңге жұмсап, қоғамның сынына қалған еді. Ал, енді қаланы шетелде жарнамалауға тағы 257 миллион теңге жұмсағаны белгілі болып отыр. Пандемияға байланысты шет мемлекеттермен қатынасқа шектеулер қойылса да, Алматы әкімдігі шетелден турист тарту жұмыстарын тоқтатпаған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қала әкімінің орынбасары Ілияс Өсеровтың сөзінше, қаржы Алматының туристік әлеуетін жарнамалау мен БАҚ-ты қаржылық қолдауға бағытталған.

Оның айтуынша, Доха, Инчхон, Мәскеу, Абу-Даби, Дубаи және Гонконгтың әуежайларында имидждік бейнероликтерді көрсету үшін 143 млн теңге бөлінген. Киев және Санкт-Петербург әуежайларында да жарнама жасалған. Тек Мәскеу, Ташкент және Баку метрополитендеріне ілінген жарнамаға 114 млн теңгеге жұмсалған.

«Жарнама орналастырылған елдерде қызығушылық айтарлықтай өсті. Ол 8 миллионға жуық адамды қамтыды. КРМG1 зерттеу нәтижелері бойынша Алматыдағы әрбір турист кем дегенде 100 доллар жұмсайды, қыста бұл сома қысқы тау спортының танымал болуына байланысты әлі де ұлғаюы мүмкін. Тиісінше, бұл қалаға және оның экономикасына инвестиция болады. Алматы туристерді тартатын орталық бола отырып, бюджет қаражатын осы саланы, оның ішінде шетелде ілгерілетуге жұмсайды», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары.

Спикер осы жылы Алматы туралы имидждік бейнероликтерді жасауға және ілгерілетуге 150 млн теңгеден астам қаражат бөлінгенін растады. Оларды Eurosport 1/2, Discovery, Animal Planet Travel Channel, EMEA, Russia, Asia сияқты халықаралық телеарналарда көрсету жоспарланған. Бірақ карантиндік шектеулерге және Еуропа елдерімен рейстердің жабылуына байланысты бейнероликтердің жарнамасы тоқтатылыпты. Роликтің түсіріліп қойғанына қарамастан қаржы бюджетке қайтарылды деп мәлімдеді Өсеров. Биыл Алматы мен облыстың туристік әлеуетін көрсету үшін шетелден 33 блогер шақырылған. Ілияс Өсеровтың сөзінше 2021 жылға мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінген.

«Бұл жергілікті билік органдарының қызметі туралы ақпараттандыруға, барлық салалар бойынша өңірді дамытуға бағытталған жергілікті және орталық органдар қабылдаған шаралар туралы хабарлауға келіп саяды. Бұл үшін біз тек қалалық емес, тәуелсіз БАҚ-тың да әлеуетін пайдаланамыз. Нәтижесінде халық қажетті ақпаратты алады», - деді ол.