«Ақылды» бағдаршамдар жолдардағы қозғалысты өзі реттейді.
ERNUR.KZ. ҚР «Алматы қаласының ерекше мәртебесі» Заңының аясында қала әкімдігі жол қозғалысын басқарудың автоматты жүйесін енгізу мен пайдаланудың жаңа ережелерін әзірленіп жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.
Аталған ережелер қаланың бағдаршам жүйесін модернизациялауға мүмкіндік береді. Биылғы жылы 93 бағдаршам зияткерлік көлік жүйесімен жарақтандырылады. Бұл құзырет қала тұрғындарының, мамандардың пікірін және халықаралық тәжірибені ескере отырып әкімдіктің бастамасы бойынша қолға алынуда. Осы мәселеге қатысты жүргізілген зерттеулер бағдаршамдарды жол жағдайларына қарай бейімдеу қажет екенін көрсетті.
«Биыл зияткерлік жүйенің алғашқы кезеңінде 93 бағдаршамды орнатуды жоспарлап отырмыз, қалғаны 2022 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады», — деді Алматы қаласы қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Қанат Байғоныров.
«Ақылды» бағдаршамдар жолдардағы қозғалысты өзі реттейді, қондырғы жүргізушілер үшін қолайлы уақытты (20 немесе 30 секунд) болжай алады.
Қанат Байғоңыров бағдаршамдардың зияткерлік жүйесінің жолақтардағы, бағыттардағы көлік санын автоматты түрде санайтынын және көлік жылдамдығын анықтайтынын да айтты.
«Көлік ағынын тіркейді және сыртқы әсерсіз жол қозғалысын реттейтін болады. Осылайша, бағдаршамдар жолдардағы жағдайларға бейімделеді», — дейді ол.
Нәтижесінде «ақылды» бағдаршамдар «жасыл дәлізді» құрады және қозғалыс әлеуетіне басымдық береді, ең алдымен қозғалыстың үлкен ағынын азайтуды басшылыққа алады әрі қоғамдық көлік қозғалысына ықпал етеді.
Мұндай зияткерлік жүйені енгізу қаладағы жол қозғалысына қатысты проблемаларды шешуге, жолдардағы кептелістерді азайтуға, көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға әрі апатты жағдайларды азайтуға көмектеседі деп күтілуде.