Алматы облысында әскери тікұшақ жоғалып кетті: Қорғаныс министрлігі іздестіру жұмыстары туралы мәлімет берді

0
120

2025 жылғы 25 шілдеде Алматы облысында жоспарлы ұшу кезінде Қарулы Күштердің Әуе қорғаныс күштеріне тиесілі EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кетті.


Алматы облысында әскери тікұшақ жоғалып кетті: Қорғаныс министрлігі іздестіру жұмыстары туралы мәлімет берді

Сурет: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. ҚР Қорғаныс министрлігі 28 шілде күні таңғы сағаттан бастап Сорбұлақ су қоймасы аумағында іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп жазады zakon.kz.

Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, таңғы 04:30-да су беті мен жағалау жолағы көзбен шолып тексерілген. Сонымен қатар бұл аумақ дрондар (ұшқышсыз ұшу аппараттары) көмегімен әуеден барланған.

"Іздестіру тиімділігін арттыру мақсатында жағалаудың оңтүстік бөлігі қосымша жерүсті және судағы топтармен тексерілді. Іздестіру аймағы секторларға бөлініп, нақтылай өңделді. Су айдынында 13 жүзу құралы жұмылдырылып, су түбін зерттеуге арналған арнайы техникалық жабдықтар қолданылып жатыр", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар күн ішінде операция жүріп жатқан аймаққа басқа өңірлерден қосымша күштер мен техника жеткізілген. Атап айтқанда, Қонаев қаласынан іздеу жасағы, ал Ақтау қаласынан A-400 әскери-көлік ұшағымен жеке құрам мен техника жіберілген. Олардың құрамында сүңгуір құрал-жабдықтары, эхолоттар, қайық және катер бар. Бұл жабдықтар су қоймасының қолжетімсіз учаскелерін зерттеуге арналған.

"Іздеу жұмыстарына қосымша тағы бес әскери бөлімнің күштері мен құралдары тартылды. Жұмыс тәулік бойы тоқтаусыз жүргізілуде. Іздеу барысында тікұшақтың фрагменттері табылды. Қазіргі уақытта олардың нақты сәйкестігі анықталып жатыр. Операция күрделі гидрографиялық жағдайда өтіп жатыр", - деп мәлімдеді ведомство.

Соған қарамастан, барлық жұмылдырылған бөлімшелер өздеріне жүктелген міндеттерді барынша дәлдікпен және үйлесімді орындап жатыр.

Еске салайық, 2025 жылғы 25 шілдеде Алматы облысында жоспарлы ұшу кезінде Қарулы Күштердің Әуе қорғаныс күштеріне тиесілі EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кетті.