Алматы облысындағы тауда Ан-2 ұшағы апатты жағдайда қонды

0
112

​Әуе кемесі тау баурайындағы ағаштар мен бұталардың арасына түскен.


Алматы облысындағы тауда Ан-2 ұшағы апатты жағдайда қонды

instagram.com/esik.issyk.reklama.jarnama видеосынан скрин

ERNUR.KZ. Алматы облысындағы таулы аумақта Ан-2 ұшағы қону кезінде зақымданды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Кадрлардан әуе кемесінің тау баурайындағы ағаштар мен бұталардың арасына қонғанын көруге болады. Оқиға Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ – Қаракемер аумағында болған. Жақын маңда әуежайлар жоқ.

Көлік министрлігі авиациялық оқиға болғанын растады.

«Авиациялық оқиғалар мен инциденттер туралы мәліметтерді ұсыну және оларды тергеп-тексеру қағидаларына сәйкес... UP-A0091 тіркеу нөмірлі Ан-2 әуе кемесімен болған авиациялық оқиға адам шығыны жоқ авиациялық оқиға (авария) ретінде тіркелді және оны Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті тексереді», – деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Министрліктің мәліметінше, Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті болған жағдайдың мән-жайын анықтау жұмыстарын бастап кеткен. Оқиға орнына департамент қызметкері жіберілді.

Оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ.