Алматы тау бөктерінде кәріз суының салдарынан көшкін жүрді

0
72

Көшкін жүрген аумақ тік еңісті, күрделі бедері бар тау бөктерінде орналасқан.


Алматы тау бөктерінде кәріз суының салдарынан көшкін жүрді

видеодан скрин: instagram.com/spasemgory

ERNUR.KZ. Алматының Медеу ауданындағы тау бөктерінде көшкін жүрді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қалалық ТЖД мәліметінше, түске қарай Байқоңыр көшесіндегі №104 үй маңында жер опырылғаны туралы жергілікті тұрғыннан хабарлама түскен. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады.

Хабар түскеннен кейін оқиға орнына жедел түрде ТЖД қызметкерлері, «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары және аудан әкімдігі өкілдері барған.

«Аталған аумақ тау бөктеріндегі бедері күрделі, тік еңістері мен беткейлері бар жерде орналасқан. Комиссиялық тексеру нәтижесінде кәріз құдығынан су ағуы салдарынан топырақ шамадан тыс ылғалданып, кейін опырылғаны анықталды», – деп мәлімдеді Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта су ағу дерегі толық жойылған. Халықтың өміріне қауіп жоқ. Зардап шеккендер тіркелмеген, тұрғын үйлер бүлінбеген, жол қозғалысына да шектеу қойылмаған.

Салдарды жою және аумақты тексеру жұмыстарына ТЖД-ның бес қызметкері мен екі техникасы, «Қазселденқорғау» мекемесінің үш маманы мен бір техникасы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның бес қызметкері мен екі техникасы жұмылдырылған.

Айта кетейік, Алматыда бүгінде 190-ға жуық опырылым қаупі бар аумақ есепке алынған.