Дамир Дәуітов Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінен 15 ақпанда қашып кеткен. БАҚ мәліметінше, ол бұрын да қашқан.
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысының полиция департаменті Алматы тергеу изоляторынан қашып кеткен Дамир Дәуітовтің қайда жасырынғанын және қалай ұсталғанын айтып берді, деп жазады Tengrinews.kz.
"28 ақпанда Ақтөбеде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 1987 жылғы сотталған Дәуітов Дамир Тұрдалымұлы ұсталды, ол Алматыдағы тергеу изоляторынан қашып кетті. (...) Ол Ақтөбенің 11-інші шағын ауданындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырынғаны анықталды.
Ер адам полиция қызметкерлерінің өз еркімен берілу талабын елемеді, осыған байланысты арнайы жасақ қызметкерлері пәтерге екінші қабаттың балконы арқылы кіріп, оны ұстады", - деп хабарлады полиция өкілі.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Дәуітов тергеу кезінде қашқаннан кейін таксимен Таразға барғанын, кейін шамамен бес күн бұрын жол-жөнекей көліктермен Ақтөбеге жетіп, жалдамалы пәтерлерде тұрғанын айтқан.
"Сотталған Дәуітов ҚР ҚІЖК 128-бабымен Ақтөбе полиция басқармасының ұстау изоляторына қамалды. Айта кетейік, ер адам бұған дейін де бірнеше рет сотталған, қазір ұрлық пен алаяқтық үшін алты жылға бас бостандығынан айырылған", - деп толықтырды полицей.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі өкілі Алматының тергеу изоляторынан қашып кеткен Дамир Дәуітов алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін хабарлаған болатын.
Еске салайық, Дамир Дәуітов Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінен 15 ақпанда қашып кеткен. БАҚ мәліметінше, ол бұрын да қашқан.