Алматыда 6 жасар баланы қоғамдық кеңестің мүшесі ұрып-соққан

0
238

Баланың анасы оқиға орнына дер кезінде келгенімен, кешірімнің орнына балағат сөздер естіген.


Алматыда 6 жасар баланы қоғамдық кеңестің мүшесі ұрып-соққан

ERNUR.KZ. Алматыдағы мейрамханалардың біріндегі ойын бөлмесінде ер адам 6 жастағы баланы ұрып-соқты. Кейінірек бұл азаматтың Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі екені белгілі болды, деп жазады baq.kz.

Әлеуметтік желілерде ер адамның алты жастағы баланы ұрып-соққан видеосы тарады. Баланың анасы оқиға орнына дер кезінде келгенімен, кешірімнің орнына балағат сөздер естіген. Оқиғадан кейін ер адам қашып кеткен. Ол Медеу аудандық полициясына жеті рет шақыртуға қарамастан келмеген. Ақыры арызды баланың анасы бөлімшеге өздері барып жазған. Әйелдің айтуынша, бұл ер адам — әкімдік жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі.

Ауруханада балаға кеуде торының соғылғаны анықталған.

Алматыда 6 жасар баланың соққыға жығылуына байланысты іс прокуратурада құқықтық баға беру үшін қаралуда. Бала мен оның анасы, адвокатымен байланыстамыз. Оқиғадан кейін бірден балаға психологиялық көмек көрсету ұсынылған, — деді Алматының балалар омбудсмені Диана Ерлан.

Баланың анасы бұған дейін Медеу аудандық полициясының қылмыстық істі тоқтатып тастағанын және зардап шеккендер мен олардың адвокаттарына бұл туралы тіпті хабар да бермегенін жазған еді. Осыған байланысты Алматы қалалық полиция департаменті түсініктеме берді.

Аталған дерек бойынша Медеу аудандық полиция Басқармасы қылмыстық іс қозғады. Объективті мән-жайлар анықталғаннан кейін процестік шешім қабылданатын болады. Сонымен қатар, учаскелік инспектор оқиға орнына "102" пультіне сигнал түскеннен кейін 6 минут ішінде келгенін атап өтеміз, – деп хабарлады ПД-да.